«Бүгін дәстүрлі шара – шаңғы тебу маусымының ашылуы өтіп жатыр. Біз тілек білдірген жандардың барлығын шақырдық. Өздеріңіз көріп тұрғандай, көп адам жиналды. Соның ішінде кәсіпқой спортшылар да, әуесқой шаңғышылар да бар, оқушылар да аз емес. Жарысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары да қатысты»,-деді маусымны ашылуында сөйлеген сөзінде Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының орынбасары Самат Қабдулин.
Шараға ниет білдіргеннің бәрі қатысты. Спорттық жарыс болмаса да, кейбір санаттар бойынша жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, күш құрылымдарының, жалпы білім беретін мектеп оқушыларының, спорттық мектеп оқушыларының, кәсіпқойлардың, сондай-ақ, шаңғы әуесқойларының арасында. Бұдан басқа додада 2008 жылы туғандар мен одан кіші балалар да шеберлік байқасты.
«Осындай шаралар қажет. Өйткені, нақ осы шараларда мерекелік атмосфера орнайды. Адамдар шаңғы теуіп үйренеді. Басқа адамдармен қатынасады, мастерлердің өнерін тамашалайды, оларға жетуге тырысады. Мен 2-3 жасымда шаңғы тебе білгем. Балаларым да біледі. Мені спортқа баулыған әкем, соның арқасында мен де шеберлігімді балаларыма үйретуге тырысамын, - деді масс-старт жеңімпазы Андрей Герасименко.
Астанада қысқы спорттық маусым алғашқы бұқаралық шаңғы жарысымен ашылды. Енді әр апта сайын демалыс күндері елордалық паркте салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар мен таза ауада белсенді демалуды ұнататындар арасында шаңғы спортынан жарыстар ұйымдастырылатын болады.