ІІ халықаралық «Жібек Жолы» фестивалінің жабылу салтанатында Италиядан келген қонақтар өнер көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІІ халықаралық «Жібек Жолы» фестивалінің жабылу салтанатында Италиядан келген қонақтар өнер көрсетеді

06.11.2015
ІІ халықаралық «Жібек Жолы» фестивалінің жабылу салтанатында Италиядан келген қонақтар өнер көрсетеді

ІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің жабылу салтанатына арналған  гала-концертте Италиядан келген қонақтар — атақты сырнайшы Нелло Сальца және дирижер Массимо Скапин өнер көрсетеді. 8 қарашада «Астана Опера» театрының Үлкен залында музыкалық кеш өтеді, оған театрдың опера және балет жұлдыздары,  хоры мен симфониялық оркестрі қатысады.

Мерекелік бағдарлама А. Жұбанов пен Л. Хамидидің қазақтың классикалық «Абай» операсындағы әйгілі «Той бастар» көрінісі мен Айдардың ариясынан бастау алады. 25 қыркүйекте ІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалі театрдың бас дирижері Алан Бөрібаевтың редакциясындағы дәл осы операның тұсаукесерімен ашылғанын атап өткен жөн. Бір жарым ай бойы театр көпшіліктің назарына 23 іс-шара ұсынды, оның ішінде 14 қойылым және 9 концерт бар.

Фестиваль күндері астаналық театрдың қонағы болған әлемдік опера жұлдыздары: баритон Джулио Боскетти (Италия), сопрано — Акико Хаякава (Жапония) және Катажина Мацкевич (Польша), тенорлар — Михаил Агафонов (Алмания), Михаил Векуа (Ресей), Нәжмиддин Мавлянов (Өзбекстан), дирижерлар: Джузеппе Акуавива (Италия), Коичи Иноуэ (Жапония), Дориан Уилсон (АҚШ). Елордалық сахнада өнер көрсетуге шақырылған солистер астаналық музыканттардың шеберлігін жоғары бағалады.

«Опера — менің өмірім. Мен осындай шеберлік деңгейі жоғары тамаша ұжыммен жұмыс жасағаныма өте қуаныштымын. Қазақстандық әріптестерімнің жылы қарсы алғанын және ізгі ниеттерін атап өткім келеді. Олар шын мәнінде маған қамқорлық көрсетіп, көп көңіл бөлді. Қазақстанда опера және балет өнеріне деген үлкен қызығушылықтың бары қуантады, оның бірден бір дәлелі - әрбір көрсетілімі толық аншлагпен өтетін ғажайып театр ғимаратының құрылысы», — деп Польшадан келген опералық әнші Катажина Мацкевич айтып өтті.

Бас хормейстер — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, дирижерлар — ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Абзал Мұхитдинов, Айдар Абжаханов; Арман Оразғалиев.

Хабарламаларға жазылу