Оңтүстіктен 1800-ге жуық азамат қажылыққа барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстіктен 1800-ге жуық азамат қажылыққа барады

02.09.2015
Оңтүстіктен 1800-ге жуық азамат қажылыққа барады

«Мұсылманның қасиетті парызының бірі – қажылықты атқару. Бұл орайда биыл республика бойынша 4 мың азамат қасиетті сапарға аттанады. Оның ішінде 1 мың 800-ге жуығы біздің облыстың еншісінде. Ерекше атап өтерлік жайт, биыл қажылыққа елімізден тікелей әуе рейстері ашылып отыр. Қазақстан бен Сауд Арабиясы Корольдігі арасында қабылданған меморандумға сәйкес, еліміздің қажыларын тасымалдау құқығы «FlyNas» халықаралық әуекомпаниясына берілді. Енді Алматы-Жидда-Мәдина-Алматы бағыты бойынша тікелей рейстер атқырылады. Қажылардың ұшып кету уақыты үстіміздегі жылдың 11-16 қыркүйегіне, ал ұшып келу уақыты 27 қыркүйек пен 7 қазан аралығына жоспарланып отыр», – дейді ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров. 

Қазіргі таңда қажылыққа ниет еткен облыстағы азаматтар тіркеуге алынып, оларға екпе жұмыстары аяқталыпты. Сапарға шығатын жолаушылар үшін облыстық мешітте қажылық кезінде атқаратын ережелер мен тәртіптерін түсіндіруге арналған бірнеше курстар өткізілген. Жалпы, биыл облыстан қажыларға жетекші ретінде үш имам аттанбақ. Сонымен қатар, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының демеушілігімен екі ауыл имамы қажылыққа тегін барып келу құрметіне ие болып отыр.

Брифингте белгілі болғандай, Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен өтетін «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік шарасына орай, шариғат талабына сәйкес, биыл қазақ билері мен хандары атынан бәдел қажылық ұйымдастырылмақ.

Бәдел – бұрын қажылыққа барып келген адамның өзге адамның атынан жасалатын қажылығы делінеді. Аталған шара тұңғыш рет қолға алынып отыр.

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу