Семейдегі көшелердің біріне Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Баян Байғожинаның есімін беру керек. Өңірдегі қоғам белсенділері осылай деп бастама көтеруде.
Бір өкініштісі, сонау Берлинге дейін барып жанкештілікпен жауға тойтарыс берген батыр қыз жайлы мәлімет аз. Насихат жоқ. «Сондықтан, қазақтың батыр қызының ерлігін ұрпаққа үлгі етіп, оның есімін тарихта қалдыру - бүгінгі ұрпақтың парызы», - дейді зерттеушілер.
Баян Байғожина 1923 жылы Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанған. Белоруссия, Литва, Польша, Германия жерлерін азат ету ұрыстарына қатысқан. Баян Байғожина жеңіске 12 күн қалғанда Гинденбург қаласында қаза тапқан. Майданға жастайынан аттанған батырдың соңында қалған ұрпағы жоқ. Сондықтан, осы күнге дейін іздеушісі болмай, аз насихатталған.
Түгелжан Әзімжанова, Абай ауданының Құрметті азаматы:
- Мәншүктің қазасынан кейін өз еркімен Отан соғысына аттанған екен. Сол заманда Шыңғыстаудан Германияның өз ордасы Берлинге дейін соғысқа жеткен. Біз білетін 4 ордені бар.
Қоғам белсенділері қаладағы көшелердің бірін Баянның атына ауыстыру жөнінде түрлі құрылымдарға хат жолдаған. Мәселе таяуда Қоғамдық кеңесте талқыланды.
Маржан Бахатова, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовадан кейінгі үшінші қыз. Өзіміздің ШҚО Архат ауылында дүниеге келген. Танымаймыз деп жатыр, яғни, көше беру арқылы бұл қоғамға да бір үлкен серпіліс әкеледі.
Көше беру туралы ұсыныс Қоғамдық кеңесте үлкен дау да тудырды. Кейін «белгісіз батыр қыз кім?» дегендердің күмәнін сейілткен деректер де табылды. Алматыдағы Ұлттық кітапханада, «Правда» газетінің 8-наурыздағы мерекелік шығарылымында Баян Байғожина туралы «Девушка из Чингистау» деген мақала шыққандығы туралы нақты мәлімет бар болып шықты.
Қуаныш Рахметоллаұлы, «Semei» телеарнасының редакторы:
- Бұл үлкен тарихи дәлел. Ол кезде тек қана шынайы ақпараттарды беріп отырған. Өйткені, соғыс кезі болғандықтан, бұл жіті қадағаланған. Ал, Павел Кузнецов мақаласында Баян Байғожинаның соғысқа өз еркімен келгенін, оның қаһармандығын, құралайды көзге атқан мергендігі жайлы суреттейді.
Сұрапыл соғыста жан аямай шайқасқан батырларды ұлықтау - бүгінгі ұрпақтың парызы. «Сондықтан, Семейдегі көшелердің біріне Баян Байғожинаның есімін беріп, оның атын жаңғырту - елдіктің белгісі болар еді»,- дейді қоғам белсенділері.
Рысгүл МАДВАСОВА
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.