Димаш Құдайберген «ВВС» арнасына сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайберген «ВВС» арнасына сұхбат берді

23.11.2018

Димашты «ВВС» арнасы өздеріне шақырды. Лондондағы концертінен кейін ол әлемдік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат беру үшін тағы екі күнге аялдаған. Әуелі «ВВС»-дің телевизиялық түсіріліміне шақырылған. Одан кейін 75 миллион тыңдарманы бар радиоға қонаққа барды.

Бағдарлама жүргізушісі қазақ әншісімен оның музыкалық жолы туралы әңгімелесіпті.  Димаш әр сұхбатында Қазақстан туралы, ұлттық салт-дәстүріміз туралы айтып берген. Және оны өз ана тілінде жеткізген. 

Тағы бір британиялық интернет-басылымына берген сұхбатында Димаш өз музыкасы мен шығармашылық жолы туралы әңгіме құрды. Шетелдік тілшіні қазақстандық әншінің қай жерде демалғанды ұнататыны қызықтырыпты. Димаш болса, шетелге тек  жұмыс барысымен баратынын, ал өзіне демалуға туған жері мен отбасының жанында болудан артық ештеңе жоқ екенін айтқан.

Одан бөлек, жас әнші лондондық журналдың тілшісімен де кездесті. Журнал тілшісі  Димаштың концертінде болғанын және қазақстандықтың шығармасына тәнті екенін жеткізіпті.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу