Лондонға Димашты тыңдауға әлемнің 40 мемлекетінен көрермен келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лондонға Димашты тыңдауға әлемнің 40 мемлекетінен көрермен келеді

16.11.2018

Ағылшындардың бізге деген өкпесі қара қазандай. Өйткені, Лондонда өтетін Димаштың концертіне билет таппай дал. Бұл туралы қазақтың мақтанышына айналған Димаш Құдайбергенді қабылдаған Мәдениет және спорт министрі айтты. Лондонға біздің Димашты тыңдауға әлемнің 40 мемлекетінен көрермен келеді.

Димаш Құдайберген 19 қараша күні Лондонда өтетін концертке тас-түйін дайын. Сыналатын тұсы да осы. Өйткені, ән кешіне әлемнің 40 елінен көрермен келеді. Шырқалатын шығармалардың 60 пайызы қазақ тілінде орындалады.

Димаш Құдайберген, әнші:

- Кіндік қаным тамған жерде қазақтың ұлы тұлғалары тың дүниелерді жарыққа шығарды, ал, біз, әншілер мүмкіндігінше ол туындыларды насихаттауымыз керек. Менің де мақсатым сол. Сондықтан, қазақтың халық әндері көптеп шырқалатынына күмән келтірмеңіз. Жаңа әндер де бар. Оның құпиясын сіздерге толық ашқым келмейді. Өйткені, оны концертте көрермендер бірінші тыңдаса деймін.

Бір жағы Димаш тұманды альбион еліне жан досы, Олимпиада жүлдегері Денис Теннің арманын орындау үшін бара жатыр.

Димаш Құдайберген, әнші:

- Менің келесі концертімде екеуміз Бейжіңде немесе басқа елде үлкен стадионда концерт беріп, «S.О.S» әнімен тандемде шығамыз деп армағандаған болатынбыз. Енді Лондонда ол әнді мен өзім ғана орындаймын.

Димаш бүгін жолға шығады. Елге оралғаннан кейін Ұлттық арнаға келіп сұхбат беруге уәде берді. Уақытының тығыздығына қарамай, біздің көрермендеріміз үшін ән салып берді.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу