Абайдың 180 жылдығы Ресейде бір ай бойы тойланады. Мәскеуде ұлы ақынға қойылған ескерткіш жанында «Абай оқулары» өтті. Онда жиналғандар ақынның рухына тағзым етіп, өлең-жырларын оқыды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Ресейдің Мәскеу және Қазан қалаларында Абайдың ескерткіштері бар. Жыл сайын ақынның туған күніне орай көрші елде арнайы шаралар өтеді. Бұл жолы да Мәскеуде жыр мүшәйралары ұйымдастырылып, рухына тағзым етілді.
Ерлан Шәмішев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің кеңесші-уәкілі:
Бүгін дипломаттар, студенттер, қазақ бірлестігінің өкілдері, жалпы Абайдың мұрасына қызығушылық танытқан жандармен жиналдық. Абайдың шығармалары рухани бағдаршам болды, ол халықтар достығына да баса мән берді. Оның еңбегін шетелдіктер де жоғары бағалайды.
Ақынның шығармалары бүгін де орыс, татар, башқұрт тілдеріне аударылып, жергілікті кітапханаларға таратылған. Мамандар алдағы уақытта да Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін аудару ісі жалғаса беретінін айтады. Тіпті кей оқу орындарында арнайы «Абай» курсы ашылмақ.
Дана Гельдэ, Мәскеу қаласының тұрғыны:
Абайдың әр сөзінде үлгі, өнеге бар. Оның шығармалары ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпайды. Сондықтан біз Ресей қазақтары ақынның рухына тағзым ету үшін келдік. Біз әрдайым өскелең ұрпаққа ақынның шығармаларын үйретіп, терең-мазмұнды қара сөздерін оқу керектігін айтамыз.
Ақынға арналған шаралар Ресейдің Санкт-Петербург, Қазан, Түмен қалаларында да жалғасын тапты. Ал қырүйек айында Абай мұрасына арналған көлемді ғылыми-танымдық конференция өтпек.
Индира Бегайдар
