Абайдың 175 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар шартарапта өтіп жатыр

10.08.2020

Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар шартарапта өтіп жатыр. Қазақтың бас ақынының туындылары әлемнің сан тілінде сөйледі. Түркия, Ресей, Қытай, Корея және Ұлыбритания ұлы ақынымызға тағзым етті. Абайдың 175 жылдығына арналған шарада Түркияның зиялы қауым өкілдері ақын шығармашылығына қатысты ой білдірді. Абай еңбектерін түрік тіліне аударып жүрген белгілі жазушы Зафер Кибара Абай еңбектерін түркілердің ортақ құндылығы деді.

Зафер Кибар, Жазушы-аудармашы:

Абай атаның ой-пікірлері тек Қазақстан үшін, қазақтар үшін ғана емес, барлық әлем үшін керекті ой-пікірлер деп ойлаймын. Оны болашақта Конфуций сияқты, Гете сияқты жалпы дүние азаматтары біледі, үйренеді. Біз оған көмектесеміз, паш етеміз. 

Ұлы кемеңгердің рухына Ресей төрінде де құрмет көрсетілді. Хәкім Абайға арналып Мәскеу, Пекин, Будапешт, Стамбул, Ташкент, Тегеран сияқты жаһанның әйгілі шаһарларында ескерткіштер бой көтерген. Мәскеудің қақ ортасындағы ескерткішке жиналған көпшілік гүл шоқтарын қойды. Атаулы күнге орай Ресейде арнайы www.abai175 сайты жарық көрді. Онда ойшылдың өнегелі өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталған. 

Азамат Алдоңғар 


Хабарламаларға жазылу