Түркістан облысының Келес ауданында екі бірдей ауылға құбыр тартылып, ұңғыма қазылса да жұрт ауыз сусыз отыр. Жаңатіршілік ауылында қазылған тереңдіктен құм шығып, Үшағаш елдімекеніндегі ұңғыма суының тұздылығы көтеріліп кеткен. Қазір мұндағы жұрт көршілес ауылдардан су тасып ішіп отыр. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Екі мыңдай халық тұратын Жаңатіршілік ауылында бес жыл бұрын ұңғыма қазылып, 300-ден аса үйге құбыр тартылған. Алайда ауыл тұрғындары оның игілігін сол күйі көрмей келеміз, дейді.
Қусан Зәкірбайұлы, Жаңатіршілік ауылының тұрғыны:
Тапсыратын күні ауылға су толық барды. Алтыншы жыл болып жатыр. Осы көрген күніміз.
Жергілікті халық жиналған судың тек бір көшеге әрең жететінін айтады. Оның өзін үш тәулік жинап, сүзіп береді. Мәселені жауаптыларға да, депутаттарға да жеткізгенімен ешбір нәтиже шықпаған. Енді көршілес ауылдан суды сатып алып, тасып ішуде.
Дәл осындай проблема көршілес Үшағаш ауылында да туындап отыр. 100-ге тарта түтіні бар елдімекенге де үш жыл бұрын ауыз су берілген. Алайда тіршілік нәрі тұзданып, ішуге жарамсыз болып қалған.
Ұлбазар Оразова, Үшағаш ауылының тұрғыны:
Ішу мүмкін емес оны. Төккен-шашқанға болмаса, былай ішуге болмайды. Біз оны 12 км Бірліктен салып алып келеміз, водовозын алдырамыз 5-6 мың теңгеден.
Ауданның атқамінерлері Үшағаш елдімекеніндегі ұңғымадан бастапқы кезде ішуге жарамды су шыққанын айтады. Кейіннен жерасты суының құрамы өзгеріп кеткен. Сондықтан сүзгісінің қуаттылығын күшейтпек.
Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:
Енді ол жерде орналасқан фильтр екі кубтық. Енді оның шешімін 8 кубтық фильтрге ауыстырып, күніне тұрғындарға 3-4 сағатқа беру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.
Жаңатіршілік ауылы бойынша ұңғыманы қайта бұрғылап көргенімен, нәтиже шықпапты. Керісінше судың құрамындағы құм шамадан тыс көбейіп, оны тұндыру мүмкін болмай қалғанын айтады. Мұнда да сүзгісін ауыстырады, болмаған жағдайда жаңадан ұңғыма қаздырады.
Айнұр Әбілқасымқызы