Су тасқынынан кейін: Оралдағы саяжайлар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынынан кейін: Оралдағы саяжайлар

23.06.2024

Жұмада Үкімет Парламент палаталарының бірлескен отырысында былтырғы бюджеттің орындалуы бойынша есеп берген, сонда Премьер-Министр О.Бектенов 120 мың адамның көшірілгенін, 67 570 адамның үйлеріне оралғанын, 3952 адамның әлі эвакуациялық пунктте өмір сүріп жатқанын айтты. Сонда 38 мыңның аса адам туған-туысының үйінде деген сөз ғой.

2000 тұрғын үй, 20 мың саяжай учаскесі суға батқан, 98 үй әлі суда тұр. Су тасқынынан зардап шеккендерге баспана беріліп жатыр.

Иә, үйлері тұруға жарамсыз деп танылған адамдарға пәтер, баспана беріліп жатыр. Сондай жаңалықтар легі күн сайын өсіп жатыр. Бұл жақсы. Дегенмен маңызды сұрақ – үйсіз қалғандарға баспананы күн суығанша беріп үлгере ме? 

Қайта-қайта айтып жүрген Оралдағы саяжай учаскелеріндегі адамдар не істеп жатыр екен? Билік не шешті? Батыс Қазақстандағы меншікті тілші Ардақ Мұратқызы баяндайды.

Батыс Қазақстан облысында сәуірде трансшекаралық Жайық пен Шаған өзендері қатар тасып, 16 мың саяжай учаскесі су астында қалды. Дені, яғни 14 500-і - Оралдағы саяжай. Қалғаны - қалаға іргелес Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарына тиесілі бау-бақша серіктестіктері. Шаһарға қарайтын 14500 учаскенің 9 мыңында үй-жайы бар екені анықталды.

Әлішер Матякупов, қандас, Орал қаласының тұрғыны:

2019 жылы осы жерден үш учаске сатып алдық. Бес жыл болды. Үш ұлға үш үй саламыз деген жоспарымыз болды. Мынадай жағдай болатынын білген жоқпыз. Мына үйді былтыр салдық, биыл сәуірде суға кетті ғой бәрі.

Әлішер он жыл бұрын Қарақалпақстаннан атамекенге оралған. Бастапқыда Ақтауда тұрған, кейін отбасымен Оралға көшіп келген. Арзан көріп, саяжайдан жер алып, бар жиған-тергеніне баспана салған.

Іштегі иіс қолқаны қабады. Үш ай суда тұрған үйде іліп аларлық дүние жоқ. Кілем, төсеніш түгел көгеріп, шіріп тұр. Үйдің өзі тұруға жарамсыз деп танылған.

Қандас мұнда әке-шешесі, екі інісі мен келіндері, олардың бала-шағасы, қос қарындасымен 11 адам болып бірге тұрған. Қарындастарының үлкенін ұзатқан, кішісі 9-сынып тәмамдаған.

Өзі ІІІ топ мүгедегі. Су келеді дегенге сенбеген. Үйдегілерді тасқынға бір-екі күн қалғанда эвакуациялық орталыққа жіберген. Өзі соңына дейін күзетке қалып, су келгенде шақ шығып үлгерген.

Тасқында тек төбесі көрініп, түгел суға батқан көлігінің де, басқа да мал-мүлкінің шығыны әлі өтелмеген.

Қазір Әлішер отбасымен бірге студенттер жатақханасында тұрып жатыр. Бір бөлмеде 4-5 кереует тұр. Аптап ыстықта, қуықтай жерді паналайды. Бастапқы бір айда кәрі-жасы, бала-шағасы, ауру-сырқауы, ері-әйелі бар - 200 адам төсегі қат-қатар тізілген бір спортзалда тұрды. Басты уайымы - баспана.

Әлішер Матякупов, қандас, Орал қаласының тұрғыны:

Құжаттары жаман қиын екен. Кезекте көп күтесің. 300-400-дей адам. Өзім барып кеше бір күн сол жақта болып, 12 сағат күн астында тұрып келдім. Өзім ІІІ группа инвалидімін. Жақында әкем инсульт алып қалды. Оң жағы жасамай қалды. Жақсы жерден берсе екен дейміз ғой. Салынған үйімізге сай етіп алғымыз келеді енді.

Ал Әсима отбасымен саяжайда салып алған баспанасында 4 жыл тұрған. Әр тасын қалауға өзі қатысқан. Сондықтан да ыстық. Үйі апатты деп танылды. Алайда өз атында құрқылтайдың ұясындай жатақхана бөлмесі бар екен. Енді жаңа үй алып-алмауы белгісіз.

Әсима Бектемірова, Орал қаласының тұрғыны:

Үйімізді экоблоктан салған едік. 30/60. Әр үш тас сайын арматура жүргізіп, құрылыс басында өзім жүрген едім. Енді бұл үйде тұру мүмкін емес. Себебі ылғал тартқаннан кейін денсаулыққа өте зиян. Атымда жатақхана болғанымен, төрт адамға бөлгенде жеткіліксіз. Шаршы метрі - 11,9.

Әсиманың үйінде сарапшылар жұмыс істеп жүр. Олар үйдің тұруға жарамды не жарамсызын анықтап, техникалық сараптамадан өткізеді. Егер апатты болса, бұзу туралы қорытынды шығарады. Тұруға жараса, жөндеуге жібереді. Айтуларынша, таңнан кешке дейін үй аралап, ал түннен таңға дейін мәліметтерді компьютерге енгізеді. Қарағандылық сарапшы компанияның осында келгеніне бір айдай болған. Тіпті жергілікті жұрт біле бермейтін мекенжайларда болып, кәдімгі оралдық болып алған.

Нұралы Баймақанов, сарапшы:

Қауіпті кездер болды. Су белден асатын жерлер болды. Жайықтың ар жағына қайықпен де бардық. Күннің ыстық-суығына қарамай, барлық үйді аралап шықтық. Масалар болды келген бетте. Егер іргетасы отырса, жарықшақтар пайда болады. Ол үй тұруға жарамсыз боп саналады.

Егер сарапшылар «үйді жөндеуге болады» деген техникалық қорытынды шығарса, іле бағалаушылар іске кіріседі. Оралда бұл іске 7 компания тартылған. Жергілікті жерде мамандар тапшы болғандықтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларынан 150-ге жуық адам келген. Олар да әлі белуардан су кешіп жүр. Қаладағы 14500 саяжайдың 30 %-ы әлі суда тұр. Әрі бұған дейін саяжай үйі есепке алынбағандықтан, көбінде не көше, не үйдің нөмірі жоқ. Ми қайнатар ыстықта, маса мен шыбын-шіркейге таланып, қайықпен де, жолсызда да бірнеше шақырым жаяу жүріп, үй-үйді аралайды. Үймен қоса, бүлінген мүлікті де бағалайды.

Анар Есенбаева, бағалау компаниясының басшысы /Алматы/:

Келісімшарт бойынша 4500 саяжай үйі берілді бізге. 150 АЕК бойынша мүлік шығынын есептейміз. 3700 нысанды тапсырдық. 800 нысан қаралған жоқ. Өйткені, үй иелері байланысқа шықпайды. Телефон нөмірлері өшіп тұр, не басқа елде, басқа қалада жүр. Кейбір нөмірлер мүлдем қате. Кейде тіпті жалған ақпарат береді. Үй бар дейді. Барсаң, тек іргетас тұрады. Не иесіз қалған, қараусыз, бос болады. Алаяқтар да бар.

Ал саяжайы жалғыз баспанасы деп танылған тұрғындар қайта құжат тапсыруға ұзын-сонар кезекте тұр. Әкімдіктегілер бір күнде 300 кісіні бірден шақырған. Сұратпайтын құжаттары жоқ деп налиды жұрт.

Мейрам Жаңабаев, Орал қаласының тұрғыны:

Менің мына жерге келгеніме төртінші күн бүгін. Жолдасымның қайтқанына 14 жыл болды. Соған сенбейді үй иесінің құжатын алып келіңіз дейді. Ол қалай, мен түсінбеймін. Бір құжаттың орнына он көшірмесін жинап отырмыз. Мынаның бәрі ақша. Ең болмаса, үлгі де жоқ. Айтатын бір дұрыс адам да жоқ. Төрт данадан әкеліп тұрмын. Соның тек біреуін алады. Қалғаны қалады. Әр қағаз көшірмесі - 60 теңгеден.

Ал қала әкімдігінің дәлізі бума-бума, текшелеп қойылған қағазға толы. Әр парақтың артында бір-бір тағдыр тұр. Бұл – зардап шеккен тұрғындардан түскен 10 500 өтініш. Әкімдіктегілер күні-түні екі ауысыммен осы құжаттарды нөмірлеп, комиссияларға тапсырады. Құжат үш комиссияның талқысынан өтеді. Мүлік шығынын өтеу, үй беру бойынша соңғы шешім шығаратын комиссиялар. Комиссия мүшелерінің ішінде саяжай тұрғыны, мұғалім де бар. Айнұр Сабырдың да саяжайдағы үйі суға кеткен. Өзі де елмен бірге зардап шеккен соң, әр тұрғынның жағдайын жақсы түсінеді.

Айнұр Сабыр, Орал қаласының тұрғыны, комиссия мүшесі:

Кезінде ауылдан көшіп келгенде әркім өзінің көрпесіне қарай көсіліп, ауылдағы үйін бұзып, соның материалын әкеліп, сол жерге үй салды. Саяжайдағы жердің бағасы қолжетімді болды. Сондықтан сол жерге үй салынды, рұқсат берілді. Қалып қойды адамдар. Бұл жерде «Неге саяжайға үй салады?» деп ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ. Әркім өзінше күн көріп жатты. Үкімет тарапынан қазір көмек өте күшті көрсетіліп жатыр. Шыны керек, оны мойындау керек. Заң бойынша ауыл, қала статусы бар жерлердегі үйлерге ғана көмек көрсетіледі. Бірақ та бізде тұрғындардың арызы 10 мыңнан асып кеткесін, саяжайдағы үйлерді де сол ауыл, қала мәртебесі бар үйлер қатарына қосып, мейлінше көмектесуге тырысып жатыр.

Комиссиядан шыққан мыңдаған қағаз құжат арнайы базаға қолмен теріліп, жүйеге салынады. Бұл іс қатардағы мемлекеттік қызметкерлер мойнында. Олар кешкі 7-ге дейін өз жұмысында. Кейін түнгі 12-1-ге дейін көз майын тауысып, бір күнде әрқайсысы кемінде 100 құжатты жүйеге енгізуі керек. Сырт көзге сұп-сұр тып-тыныш көрінетін кеңселерде осындай көзге көрінбейтін, тіпті жақсы ат бермейтін жұмыс істеліп жатыр.

Он мың жарым өтініштің 4500-дейі - саяжайы жалғыз баспанасы деп танылғандар. Олардың 3 мыңына үй беріледі. Қалғандарына жөндеуге қаражат бөлінеді. Бүгінде 800-дей түрғынның жаңа үй алуға құжаты дайын тұр. 400-ден астамы пәтер кілттерін алып, қоныс тойын тойлап жатыр. Оларға жаңа үйден де және қолданыстағы көпқабатты үйлерден де пәтерлер сатып алынды. Бірақ қазір екінші нарықтан баспана беру уақытша тоқтатылды.

Азамат Халелов, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

Екінші нарыққа өту себебіміз - жаңа баспананың көлемі жетпеген жағдайда, біз екінші нарықтан аламыз. Оның проблемалары да бар. Біріншіден – жасанды баға көтеру. Қазірдің өзінде орта есеппен 2 млн-ға тұрғын үй бағасы өсіп кетті. Екіншіден, кей азаматтар әдейі бағаны өсіріп алып, үстіндегі ақшасын меншік иесімен бөліп аламыз деген сияқты фактілер де кездесіп жатыр. Сондықтан басты приоритет - жаңа баспанамен қамтамасыз ету.

Қазір саяжай тұрғындары үшін 450 жер үйдің құрылысы басталды. Жаңа баспаналар қала іргесіндегі Зачаган кенті мен Деркөл, Жұлдыз шағынаудандарында салынып жатыр. Бұл үйлер бірінші кезекте көпбалалы, мүгедектігі бар және толық емес отбасыларына беріледі. Мүлік шығынын өтеу де паралель жүріп жатыр.

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

Қазіргі таңда 1377 зардап шеккен тұрғынға өтемақы төленді. Бұл - шамамен 600 млн теңге қаржы. Өтемақының қаржыландырылуы - облыстық, жергілікті бюджеттен бөлінді.

Мүлік демекші, дала толы дәретхана, ағаш сарай, шатыр қаңқалары. Қала берді, ескі тоңазытқыш, теледидар, асүй құралдары. Ағыны қатты тасқын су дүние мүлікті жаңқа құрлы көрмей, ағызып, айдалаға апарып тастаған. Саман үйлер бірден құлап, қирап қалған. Ендігі сұрақ - мемлекет меншігіне өткен саяжай жері келешекте қайта сатыла ма? Оны тұрғындар тек маусымдық үйжай деп алып, тағы қысқы үй салып, қайта суға кетіп, жылдағы жағдай қайталанбауына кім кепіл?! Бұл мәселе шешілуі үшін заңға өзгеріс енгізілуі тиіс екен. Қазір екі мыңдай адам әлі де эвакуациялық орталық аталып кеткен университет, колледж жатақханалары мен жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. Қалайда қараша жұрт баспанасыз қалмайтын оң шешім керек.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу