Президент Мұрат Әуезовтің отбасына көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Мұрат Әуезовтің отбасына көңіл айтты

15.06.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекет қайраткері, көрнекті жазушы Мұрат Әуезовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұрат Мұхтарұлы, ұлт руханиятының алға басуына, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы, парасатты тұлға еді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең зерделеп, соңына өлшеусіз мол мұра қалдырды. Ғибратты ғұмыр кешіп, кемел де кемеңгер әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесі мен қадірлі есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын.
Айта кетейік, кеше шығыстанушы ғалым Мұрат Әуезов 81 жасында өмірден өтті. Ол 1943 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келген. 1989 жылы Семей полигонын жабу миссиясына белсенді араласып, басы-қасында болған. 200-ден астам ғылыми-танымдық еңбектің авторы. Марқұмның есімі Мұхтар Әуезовтің ұлы ғана емес, көрнекті жазушы, мәдениеттанушы, дипломат, қоғам қайраткері ретінде тарихта қалды.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу