Бұл жағдай аймақта қатты жаңбыр жауып, таудағы қар күрт ери бастағаннан кейін қалыптасқан.
Айнұр Ақбаева:
Мен қазір Қаратау тауының етегінде орналасқан Абай ауылындамын. Таудан аққан қар суы көшемен ағып жатыр. Жаяу жүру мүмкін емес. Тұрғындар үйлерінен шыға алмай отыр. Оқушылардың сабағы онлайнға көшірілген. Мұндай жағдай дәл қазір тау бөктерінде орналасқан Абай, Бабақорған, Игілік, Үлгілі ауылында қалыптасып отыр. Су басқан аймақтарда Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр.
Ерік Сарыбаев, Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
Қазіргі таңда Кентау қаласындағы және Бәйдібек ауданындағы су мөлшері төмен түсіп, ешқандай елдімекенге қауіп жоқ. Қазір тек Сауран ауданында ғана су ағып, елдімекенге қауіп төніп тұрғаны байқалады. Түсіп жатқан ақпараттарға сай, су басқан үйлер жоқ, су тек аулаларда. Зардап шеккендер де жоқ.
Бабайқорған ауылында да дәл осындай жағдай. Аулалардың бәрі суға толып жатыр. Арнайы техника аз. Ауылды қалың тұман басып тұр. Бұл да жүмыс істеуге кедергі келтіруде. Түннен бері жауған жауын салдарынан Түркістан облысындағы Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Ордабасы аудандарында да көшелерді су басу жағдайы тіркелді. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің су басуына жол бермеу мақсатында, Төтенше жағдай қызметкерлерінің көмегімен жаңбыр суын сору жұмыстары жалғасуда.
Айнұр Ақбаева