Қаңлы қонысынан 200-ден астам тарихи жәдігер табылды
Жамбыл облысындағы ежелгі Қаңлы мәдениетіне тән қалашықтан 200-ден астам тарихи жәдігер табылды. Осылайша Байзақ ауданы, Ақжар ауылы маңын 3 жылдан бері қазып жатқан археологтар үлкен олжаға кенелді.
Олар Жайлаутөбе қалашығындағы өркениет ерте орта ғасырға тән деп отыр. Яғни қолданылған құралдар біздің дәуіріміздің ІІ ғасырындағы қаңлылардың қонысы болғанын айғақтайды. Сондай-ақ 203 қорым табылып, сүйекке жасалған сараптама сол кезеңге тән екенін көрсеткен. Ғалымдар топырақ астынан табылған ошақ, қыш ыдыстар мен дән үккіштерге қарап отырықшы мәдениет қалыптасқанын айтады.
Ескендір Төрбеков, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ғылыми қызметкері:
Осы аумақта Қаңлы мәдениеті біздің заманымызға дейін ІІ ғасырдан, біздің заманымыздың ІV ғасырына дейін созылды. Сондықтан Қаңлыларда жартылай көшпелі және отырықшы мәдениет қалыптасты. Табылған жәдігерлер мен ескі су арналарына қарап, егіншілік пен қолөнер дамығанын көреміз.Көне қоныстың аумағы 5 гектар болады деген болжам бар.
Ал қалашықты қоршап тұрған қорғанның биіктігі 7, қалыңдығы 5 метрге дейін жетеді. Зерттеуді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары жүргізіп жатыр. Олар қалашықтан 3 қоқыс шұңқыры табылғандықтан, тұрғындар тазалыққа ерекше мән берген деп отыр.
Қуаныш Арынов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
Тереңдігі 2-3 метрге дейін жетеді. Жаңа көрген алдарыңыздағы енді ашылып жатқан «Қоқыс шұңқыры» дейміз. Ол кездегі көп дүниелер табылып жатыр. Ыдыстар, өздерінің күлдерін тастайды. Өңделген сүйектер содан шықты. Қабырғаны, жамбасты өңдеп оны қырғыш ретінде пайдаланған. Ол әбден қолданыста болғаны көрініп тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
