Еліміздің барлық өңірлерінде егіс науқаны қыза түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің барлық өңірлерінде егіс науқаны қыза түсті

22.05.2022

Еліміздің барлық өңірлерінде егіс науқаны қыза түсті. Биыл дән себілетін алқап көлемі – 23 млн.гектар. 2,3 млн тонна тұқым сіңіру жоспарланған. Тек сол тұқымның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 65 пайызы шетелдерден, соның ішінде Ресейден әкелінеді. Астықты ел бола тұра, тұқымды сырттан тасуымыздың басты себебі: агроғылымды дамытпауымыз. Елімізде селекциямен айналысатын зертхана бірен-саран ғана. Тұқымдары сапалы, бірақ қымбат. Оңтайлы жолын іздестірудің орнына оңайын таңдайтын әдетіміз бар ғой... Диқандар Ресейдікі арзанырақ болған соң, сол жақтан сатып ала салады. Тәуелділіктің салдарын көрші мемлекет астық экспортына шектеу қойғанда көрдік. Тұқым жеткізе алмай қиналып қалған шаруалар жайлы бұған дейін де материал берген едік. Биыл кей диқандар дала жұмыстарына кешеуілдеп кірісті. Эльмира Кәленова тарқатсын.

Өткен жылғы қуаңшылықтан кейін ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау күшейтілді. Салаға 449 млрд. теңге бағытталып отыр. Тек өсімдік шаруашылығының өзіне 107,2 млрд.теңге бөлінген. Бұл аз ақша емес. Шаруаларды қолдау зор. Бірақ түрлі бағдарламалар қабылданып, қыруар қаржы жұмсалып жатқанымен, жүйелі жұмыстың жоқтығы діттеген нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермей келеді.

Елжас Қайыржанов, А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зертхана меңгерушісі:
Ғылыми орталықтарды, ғылыми инстутиуттардың материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет. Жаңағы тұқым шаруашылығында жүрген қаншама техникалар – кеңес үкіметінен қалып қойған техникалар. Ғылымға да қатты көңіл бөліп, қажет деген салаларды ғана емес, барлық салаларды мемлекет тарапынан қолдап отыру қажет.

Елорданың іргесіндегі Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы өткен жылы бидайдың құрғақшылыққа төзімді «Таймас» деген сортын шығарды. Отандық тұқым әзірге 4 шаруашылықта ғана қолданылуда. Ал басқалары оны сатып алуға асығар емес. Себебі бағасы ресейлік өнімнен қымбат.

Нұрлан Серекпаев, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы:
Үш сорт дайындап жатырмыз қазір, төзімді. Ал өнімділігіне келетін болсақ, оның потенциалдық өнімі 40 центнерге дейін барады. Ал былтырғы қуаңшылық жылдарында біздің кейбір сорттарымыз 25-30 центнерге дейін өнім қалыптастырды. Кейбір тауар өндірушілер айтады, сіздердің сорттар өнімді төмен берді деп. Ол агротехниканы толық пайдаланбағанына байланысты.

Теріскей тұрғыны Жомарт Омаров – көп жылдан бері егіншілікпен айналысып келе жатқан даңғайыр диқан. Ол елімізде тұқым өндірісінің ақсап тұрғаны – ғылым мен өндіріс арасында сабақтастықтың жоқтығынан дейді. Ғалымдардың зертеуі қарапайым шаруаларға жетпейді. Әр диқан өз білгенін істеуде.

Жомарт Омаров, шаруашылық басшысы:
Ғылым өз бетіне, бір-екі шаруашылықтармен жүргізген ісіне риза болып отырады. Сондықтан бізге байланыс керек: ғылым, өндіріс, билік. Отандық элита, бірінші репродукция тұқымдарға мүмкін 80 пайыз субсидия беру керек, Ресейден әкелдің ба, оған да бер, жарайды 20 пайыз. Тұқым өндіру, онымен айналысуға мотивация барда, ар жағында табыс көзі пайда болады. Сонда сапалы тұқым келеді.

Қазақстан халқы жылына орта есеппен 6,2 млн тонна бидай тұтынады. Нанның еліміздің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіндегі рөлі қаншалықты маңызды екенін түсіндірудің өзі қисынсыз. Жер аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орындамыз деп мақтанышпен айтамыз. Алайда кең даланың бәрі егістікке жарамды емес. Егістік алқаптың көлемі жөнінен 17-ші сатыдамыз. Бұл – барлық территорияның 10 пайызына жуығы. Ал сол алқапқа егілетін дәнді-дақылдардың өнімділігі бойынша Қазақстан дүниежүзілік рейтингтің жүздігіне де енбейді.

Ғалымдарды толғандырып отырған мәселелердің бірі - климаттың ғаламдық жылынуы. Себебі ауыл шаруашылығы, әсіресе өсімдік шаруашылығы табиғат жағдайларына тәуелді. Соңғы 5 жылда топырақ құрамындағы ылғал 1,5 есе азайған. Бұл үрдіс жалғаса беруі мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, топырақтағы ылғалдың төмендігіне табиғи құбылыстан бөлек антропогендік фактор да әсер етіп отыр. Мол өнім алуды ғана көксейтін кейбір диқандар жердің құнарын сақтауға тиісті көңіл бөлмейді. Бұл мәселе экологиялық апатқа әкеліп соғуы да мүмкін.

Мұхтар Әшірбеков, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
Монодақылды өсіре бермей, тек қана бидай немесе арпа дақылын. Міндетті түрде ауыспалы егіс жүйесін сақтау керек. Екіншіден, тыңайтқыштар қолдануды оңтайландыру қажет. Міндетті түрде ылғал жабу, қыстүгүні қар тоқтату, егістікке дайындау алдындағы барлық агротехникалық шараларды тиімді әрі сапалы дер кезінде жүргізу қажет.

Әлемдегі негізгі астық эскпорттаушы елдердің көш басындағы Ресей мен Украинадағы жағдай нарықтағы бағаны күрт өсіріп жіберді. Бұл - қазақстандық диқандар үшін жақсы мүмкіндік. Дегенмен шаруалар табысты ғана ойламай, тың технологияларды игеріп, тұқым сапасын жақсартса, өнімділікті арттырса игі. Өйткені астықты сыртқа сатып жіберіп, ішкі нарықтағы нан бағасын шарықтатып алмаймыз ба деген үрей жоқ емес. Малға жем керек. Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Яғни, агросаладағы сан мың проблеманы шешу үшін кешенді шаралар қажет. Былтырғы қуаңшылық кезінде шаруалардың шырылдап қалғаны есіңізде шығар?! Ал биыл үкіметке үміт арта аламыз ба екен?...


Хабарламаларға жазылу