Беларусь-Польша шекарасындағы миграциялық дағдарыс жеңілдеп келеді. Соңғы мәліметке қарағанда, сақшылар мыңға жуық босқынды лагерьлерден логистикалық орталыққа көшірген. Сонымен қатар, 400-дей адам ұшақпен Иракқа қайтарылды.
Бұл шекараға соңғы айларда мыңдаған мигрант жиналды. Олардың мақсаты – Еуропа одағына жету. Алайда поляк үкіметі негізінен Таяу Шығыстан келген шетелдіктерді өз аумағына кіргізбей, шекарасын күзетуге тіпті Британиядан 150-дей жауынгер тартты.
Беларусь Еуропа одағын 2 мың мигрант қабылдауға шақырды. Бірақ Германия мен Еурокомиссия бұған келіспеген.
Тағы бір айта кететін жайт, Брюссель президент Александр Лукашенконы мигранттарды Польшаға әдейі бағыттады деген себеппен дүйсенбіде Минскке қарсы санкцияларды күшейтетінін ескертті. Лукашенко болса өзіне тағылған кінәні жоққа шығарып келеді.