«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы үш аталым бойынша «Тұмар» ұлттық жүлдесін иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы үш аталым бойынша «Тұмар» ұлттық жүлдесін иеленді

06.05.2021
«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы үш аталым бойынша «Тұмар» ұлттық жүлдесін иеленді

Елордада «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауда «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 9 аталым бойынша қысқа тізімге еніп, үш аталым бойынша марапатталды.

Ұлттық арна эфиріндегі «Жүзден жүйрік» интеллектуалдық жобасы «Үздік ойын-сауықтық бағдарлама», «Теледәрігер» жобасы «Үздік әлеуметтік бағдарлама», Корпорацияға қарасты аймақтық «Saryarqa» телеарнасының «Нығмет Нұрмақов. Төртінші Премьер-Министр» деректі фильмі «Үздік деректі фильм» номинациясы бойынша «Тұмар-2021» ұлттық жүлдесін иеленді. 


«Үздік ақпараттық бағдарлама» аталымын Еуразия телеарнасының «Аналитика» бағдарламасы иеленсе, «Үздік тележүргізуші» аталымын «КТК» телеарнасының қызметкері Кәмила Жүсіпова алды. «Үздік тележурналист» аталымы бойынша «Atameken business» телеарнасының журналисі Руслан Идрисов жеңімпаз атанды. «Үздік аймақтық телеарна» номинациясын Павлодар қаласының «Ирбис TV» арнасы жеңді. «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясы бойынша «НТК» телеарнасының «JOL» деректі фильмі үздік атанды. «Үздік телевизиялық сериал» аталымын «Хабар» телеарнасының «Абай жолы» сериалы үздік жұмыс деп бағаланды. «Үздік ток-шоу» номинациясы бойынша «Astana TV» телеарнасының «Aitarym bar» бағдарламасы жеңімпаз атанды.

Марапаттау рәсіміне қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі жалынды тұлғалар мен тың бастамалардың жасампаз жолына айналғандығын айтты. 

«Биыл 5-ші рет өтіп отырған бұл жоба жүзден жүйрік шыққан жаңа есімдерді жыл сайын жариялап, жалынды тұлғалар мен тың бастамалардың жасампаз жолына айналды. Сөз жоқ, бүгінгі телевизия - тек ақпарат көзі ғана емес, бұл - ұлттық идеология мен тәлім-тәрбиенің құралы. Ал енді осынау стратегиялық маңызы зор саланың барын баптап, жоғын жоқтап жүрген мына, өздеріңіз. Ендеше, осындай ауқымды жобаларды батыл қолға алып, оларды биік сапада орындап жүрген Сіздерге зор алғысымды білдіргім келеді. Өткен жыл еліміз үшін үлкен сынақ жылы болды. Әлемдік пандемия басталғанда тілшілер қауымы, соның ішінде тележурналистер бастарын қатерге тігіп, күн-түн демей жұмыс істеп, халыққа шынайы ақпарат жеткізді», - деді министр.

Сыйлық жеңімпаздарына 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы және «Тұмар» мүсіншесі табысталды.








Qazaqstan Ұлттық арна Тұмар жүлде

Хабарламаларға жазылу