Басты Жаңалықтар Ауыл шаруашылығы саласында цифрлық жүйе қолға алынды

Ауыл шаруашылығы саласында цифрлық жүйе қолға алынды

Алматыда ауыл шаруашылығы мен аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық жүйе қолға алынды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары әзірлеген жоба әзірге Солтүстік Қазақстан облысында іске қосылған. Орталық өңір туралы ғарыштан алынған мәліметтер мен басқа да ақпараттарды топтастырып, шешім қабылдауға көмектеседі. Сондай-ақ аймақтың тұрақты дамуы үшін нақты ұсыныстар бере алады. Интеллектуалды бағдарламаның басты міндеті – климаттық, топырақтық, агротехникалық, экономикалық, тіпті әлеуметтік көрсеткіштерді қамтитын деректерді талдау. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жоба агроөнеркәсіп кешенін технологиялық жаңғыртуға және Солтүстік Қазақстан облысы мен тұтас елдің тұрақты болашағын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни ғылымды, білім беруді, технологияларды және инвестицияларды қамтитын кешенді және жүйелі тәсіл, - дейді жоба авторы.

Фараби Ермеков, ҚазҰАЗУ ғылыми білім беру технологиялық платформасының атқарушы директоры:

Қай алқапта не істеу керек, оны қай уақытта жасау керек, қандай химикатпен өңдеу керек секілді бүкіл ақпараттарды, кеңестерді шаруаға беріп отырады. Өсімдіктің ауру-сырқаттары бойынша да нақты көрсете отырып, нақты химикаттың түрі, нақты уақытын белгілеп, ақыл-кеңесін береді. Ең соңғы дүниесі – өнімді жинау науқаны.

Мұндай ауқымды жобаның табысты болуы тікелей білікті мамандарға байланысты. Қазір университет қабырғасында қытайлық серіктестермен бірлесіп, «Жасанды интеллект» білім беру бағдарламасы ашылған. Қазір 10 студент білім алып жатыр. Олар екі жыл Қазақстанда, екі жыл Қытайда білім алады. Болашақта бұл мамандар жетекші ғалымдардан білім алып қана қоймай, жасанды интеллект пен ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық тәжірибені де игереді, - дейді ғалымдар.


Бөлісу