Сержан Шәкірат – нота білмейтін күйші - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сержан Шәкірат – нота білмейтін күйші

29.06.2015
Сержан Шәкірат – нота білмейтін күйші

«Жалпы, қолыма домбыраны 5-6 жасымда ұстаған екенмін. 1946 жылы ағам әскерден келді. Негізі соғысқа біздің үйден үш адам аттанды. Атам, әкем және ағам. Құдайға шүкір, үшеуі де аман оралды. Ағам әскерден келгенде ауыл-аймақ тойлауға кірісті.

Ауылда Алым Жаңбыршин деген домбырашы болатын. Менің тікелей ұстазым. Сол кісіден халық күй сұрайды ғой. Ол кісі де соғыста болған. Майдан даласында қолын шығарып алған екен. Көпшілік  күй сұраған соң, домбыраны қолына алады да, сәл тосылып қалады. Сөйтсе, қалай тартылатынын ұмытып қалған екен.

Ол кезде мен 7 жастағы баламын. «Маған беріңіз, көрсетіп жіберейін»,-деппін. Сонда әлгі кісі қатты қуаныпты. Күйге осылай келдім»,-дейді Сержан Шәкірат.

«Бір күні домбырашылардың жарысы өтетін болды. Ол кезде оқу ісінің меңгерушісі Арон Өтеуов деген керемет адам бартын. Сол кісі «Ысқақтың домбырашы баласы бар екен ғой, соны алдыртыңдар»,-деп тапсырған екен. Мен ойын баласымын. Жалаң аяқ, доп қуып, жердің шаңын шығарып  жүгіріп жүрген жерімнен алып кеткен. Содан не керек, жарыстан бірінші орын алып келдім».

«Негізгі мамандығым – журналистика саласы. Алайда, бұл бағытта көп аялдамадым. Қырық жыл мұнай саласында қызмет еттім. Көп марапаттарымды осы мұнай  саласында жүріп алдым. Бірақ, журналистикадан кеткеніммен, оны түбегейлі тастап кеттім дей алмаймын. Өзім сатира, әзіл-сықақ, фельетонға жақынмын. Әңгіме, очерк, публицистикаға да қалам тербеймін. Бүгінге дейін жазып келемін».

Көпшілік Сержан Шәкіратты «нота білмейтін күйші», деп таниды. Бұл турасында ол: «Нота білмейтінім рас. Бірде Алматыға барғанымда маған музыка зерттеушілері келді.  Күй, нота туралы әңгіме болды. Содан мен: «Осы нотаны үйреніп алсам қайтеді, қиын емес шығар?», дедім. Зерттеушілер шошып кетті. «Нотаға жоламаңыз. Әйтпесе, сіздің халықтық өнеріңіз өзгеріп  кетуі мүмкін»,-деді. Содан бері нотасыз келе жатырмын»,-дейді.

Толығырақ - «Таңшолпанда».

Хабарламаларға жазылу