Әлемнің топ-10 тізіміне енген жас теннисші Заңғар Нұрланұлы арнамызға сұхбат берді
Ел өрені өнерімен әлемді тәнті етті. Тіпті, үздік 10 жасөспірім теннисші тізіміне енді. Заңғар Нұрланұлы биылғы жылдың басты додаларының бірі Australian Open турнирінде жартылай финалға алғаш рет жолдама алды. Австралия ашық чемпионатында фаворит қарсыластарын шаң қаптырып, шеберлігімен Халықаралық теннис қауымдастығының жоғары бағасына ие болды. Жаһан назарын өзіне аударған теннисші арнамызға эксклюзив сұхбат беріп, болашақ жоспарымен бөлісті.
Заңғар Нұрланұлы 17 жаста. Алматының тумасы. Тенниске 4 жасынан жан-тәнімен берілген. Спортты кәсіби түрде серік етті. Алғашқы жаттығуы Талдықорғанда басталып, талабының арқасында қазір шартараптағы беделді турнирлерде өнер көрсетіп жүр. Roland Garros, Wimbledon сияқты Үлкен дулыға додаларында сәтті ойын өрнегін көрсетіп, US Open мен Australian Open турнирлерінде жартылай финалға дейін жетті. Ендігі басты мақсаты мамыр айында Парижде өтетін Үлкен дулыға турнирінде ел намысын тағы бір мәрте асқақтату.
Заңғар Нұрланұлы, Жасөспірімдер арасындағы әлемнің 9-ракеткасы:
Grand Slam-де жартылай финалға шығу ол өте күшті. Әрине мен мотивация көп алдым. Қазір біз тренермен ақылдастық. Екі апта демалып, дайындығымды бастаймын. Қазір Франциядағы май және маусым айларында өтетін Grand Slam-ге дайындаламын. Қазіргі маңызды жарыс осы.
Заңғардың қарындасы Раяна да кәсіби теннисші. Балаларының
бойындағы қабілетті ерте байқаған әкесі Нұрлан екеуін де спортқа бірдей
баулыды. Дәлдік пен төзімділікті талап ететін теннисте Заңғар корттағы салқынқанды
мінезімен, шешуші сәттердегі нақтылығымен және ауыр соққыларымен ерекшеленіп
келеді. Ол теннистен бөлек, шахматтан да халықаралық жарыстардың жүлдегері. Қазір
жас спортшы Словакиядағы Доминика Цибулкова академиясында жаттығып, физикалық және
тактикалық дайындығын күшейтіп жатыр. Алдағы меже - ересектер арасында әлем
чемпионы атану.
Заңғар Нұрланұлы, Жасөспірімдер арасындағы әлемнің 9-ракеткасы:
Полуфиналға шықтым. Қазір үлкендер арасындағы жарысты ойнап жатырмын. Grand Slam-де көп ойыншыларды көрдім. Джоковичты, Надальды, Алкарасты көріп өзіме мотивация алдым. Осы ойыншыларды көріп, мен де үлкендер арасында ойнағым келеді. Жауапкершілік бар. Мен қатты қуаншытымын. Қазақ елі маған сенеді. Үлкен шлемдерде ойнап, Көк туды аспанға көтергім келеді. Осы менің арманым.
Заңғардың өткен аптада күллі әлем көз тіккен Australian Open турнирінде жартылай финалға дейін жеткені үлкен жетістік. Қазақстан теннисі тарихында мұндай көрсеткішке қол жеткізген әзірге өзі. Осылайша ол әлемдік рейтингте бірден бірнеше саты жоғарылап, үздік ондыққа орнықты. Бұл - қазақ спорты үшін зор мақтаныш. Айта кетейік, ол небәрі 14 жасында «Жылдың үздік шетелдік ойыншысы» атағын иеленді. Мамандар болашағын сол кезде-ақ бағамдаған. Бастысы бағы мен бабы қатар шапсын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы