Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақтың кәсіби музыкасы мен сал-серілер дәстүрін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан композитор, әйгілі әнші әрі ақын. Ұлы музыканттың дәстүрі кейінгі буынға үлкен мектеп болып қалды. Соның бірі – Досхан Одаман.
Жастайынан әнге жақын болған Досхан ата-анасының нұсқауымен жоғары оқу орнына, тарихшы мамандығына құжат тапсырады. Әйтсе де, домбырасын тастамай түрлі мерекелерде әуелете ән салатын.
Сондай іс-шаралардың бірінде Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосыновтың алдында өнер көрсетеді. Кейін ол кісінің себепкер болуымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданып, оны ойдағыдай тәмамдайды. Бүгінде Досхан көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты.
Жас дарын Иманжүсіп Құтпанұлының «Ерейментау» әніне бейнебаян түсірген. Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік орны бар «Ерейментау» әнін көпшілік сүйіп тыңдайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да бұл әнді нақышына келтіре орындайтыны жалпақ жұртқа жақсы мәлім.
Халыққа кеңінен тарағаннан болар әннің сөзі аз-кем өзгеріске ұшыраған. Ал, түпнұсқада қандай болғанын жас әншіге Елбасы өзі көрсетіп, жөн сілтеген екен.
«Таяуда бұл әнді Елбасының алдында орындадым. Сонда мен Президенттің орындаған сөзімен айтқан едім. Әуелгі нұсқасы бойынша:
«Дегенде алып қашты Иманжүсіп
Жаулары қалушы еді сылқ түсіп,
Тапса да неше қатын балаларыБәрібір бола алмайды Иманжүсіп», болатын. Сонда Мемлекет басшысы: «Жоқ, бұл жерде негізі «Қыпшақтың жүз қатыны ұл тапса да, Бәрібір бола алмайды Иманжүсіп», деп айтылуы керек түпнұсқасы. Бұдан былай солай айт»,-деп батасын берген еді»,-дейді Досхан Одаман.