Елбасы Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсыновты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсыновты қабылдады

11.04.2018

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Досхан Жолжақсыновтың отандық кинематография және театр өнерін дамытуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Қазақстан Президенті киноиндустрияның маңыздылығын айрықша атап өтіп, оның қазіргі мәдениет саласында алатын орнына тоқталды. «Бүгінде кино ұлттық сана-сезім мен төл мәдениетімізді бейнелейтін негізгі құралдың біріне айналды. Сондықтан, мен сізді отандық киномызды одан әрі дамыту мәселелерін талқылау үшін шақырдым», – деді Елбасы. Ақордада болған кездесуде Досхан Жолжақсынов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның кинематография өнеріне ерекше көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Белгілі қайраткерсің. 200-ден астам образ жасапсың. Соның барлығы халқымыздың істеп жатқан мәдениетіне, «Рухани жаңғыруға» қосқан үлкен үлес болып саналады. Сол үшін ризашылығымды білдіремін. Одан кейін кино саласында қандай мәселелер бар, кемшіліктер бар. Дегенмен, барлығына көңіл көне бермейді.  

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның Халық әртісі:

– Өзіңіздің қолдауыңызбен қазіргі киноиндустрия саласы дамудың жаңа сатысына көтерілді. Қиындықтарға қарамастан, «Көшпенділер» фильмін түсіріп, халқымыздың тарихын күллі әлемге таныттық. Содан кейін «Жау жүрек мың бала» мен «Алмас қылыш» фильмдері, сондай-ақ, менің «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерім және басқа кинотуындылар түсірілді. Еліміздің бүкіл өңірін аралап, «Құнанбай» фильмін көрсеттік. Біз кино арқылы тарихи оқиғалар мен қазақ халқының мінез-құлқын бейнелеп, жұртшылық санасына рухани жаңғырудың негізгі идеяларын сіңіруге тырыстық.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу