4 маусым - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. Осыған орай елордада бірқатар іс-шаралар өткізіледі. 4-10 маусым аралығында «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Елімнің рәміздері – Тәуелсіздіктің белгісі» атты слайд көрмесі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, осы күні «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Рәміздерді құрметтейік» атты дөңгелек үстел өтеді. Шараға елорданың белсенді жастары тартылады. Конференцияның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті насихаттау, жас ұрпақты патриотизмге баулу.
Қаланың барлық кітапханалар жүйесінде бір ай бойы рәміздер тарихынан сыр шертетін кітап көрмелері өтеді. 4 маусымда №8 қалалық кітапханада «Қазақстанның мемлекеттік рәміздері» атты елорда тұрғындарымен әңгімелесу сағаты, ал №2 кітапханада «Ел рәміздері - ел рухы» атты азаматтық сабақ өтеді.
Айта кетейік, 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер - Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі.