Басты Жаңалықтар Референдум: Ашықтық пен заңдылық – басты назарда

Референдум: Ашықтық пен заңдылық – басты назарда

Референдум кезінде ашықтық, әділдік, заңдылық қатаң сақталуы тиіс. Алматы облысына инспекциялық сапармен барған Орталық референдум комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров осылай деп отыр. Төраға Қонаев қаласындағы референдум учаскелерінің дауыс беруге дайындығы, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін тексерді.

15 наурызға жоспарланған науқанға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Әсіресе, қолжетімді әрі инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше назар аударылыпты. Мұнда брайль қарпімен жазылған трафареттер, ірі қаріппен әзірленген ақпараттық стендтер, бейімделген дауыс беру кабиналары, пандустар мен тактильді жолақтар бар. Облыс бойынша республикалық референдумды ұйымдастыруға ГРАФИКА: 694 комиссия жұмылдырылған. Оның ішінде 12-сі аймақтық, 682 – учаскелік. Комиссия құрамында 4 806 адам бар. Өңірде референдумға қатысуға құқығы бар 1 029 611 азамат тізімге енгізіліпті.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

Біз үш этапқа бөліп тастадық. Ең алдымен кәсіби деңгейде жұмыс істейтін аумақтық комиссияларды оқыттық. Офлайн, онлайн. Одан кейін ол комиссиялар учаскелік комиссиялар төрағаларын орынбасарлары мен хатшыларын оқытты. Қазір үшінші этапта енді мүшелерін оқытып жатыр.

Ақпараттандыру жұмыстары да күшейтілген. Әр учаскеде жаңа Конституция жобасының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндік нұсқасымен қатар, аудио нұсқасы қолжетімді.

Сонымен қатар әрбір дауыс берушіге QR-коды бар дербес шақыру қағаздарын жеткізу тапсырылды. Ал арбадағы азаматтар үшін облыс бойынша 26 инватакси жұмылдырылыпты. Сондай-ақ 15 сурдоаудармашы маман қызмет етпек. Қазіргі таңда үйден дауыс беру бойынша 264 өтініш келіп түсіпті.

Мейрамгүл Айтова, Облыстық референдум комиссиясының төрайымы:

27 ақпаннан бастап есептен шығару куәліктері берілуде. Есептен шығару куәліктері дегеніміз азамат дауыс беру күні өзге қалада болса өзінің тұрғылықты учаскесінен куәліктерін алып, 15 наурыз күні болған жерінде дауыс бере алады. Сонымен қатар комиссиялық нығайту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Өңірде 16 қоғамдық ұйым байқаушылары аккредиттелді. Байқаушылар дауыс беру күні таңғы сағат 6:00-ден бастап референдум қорытындысы шыққанға дейін кез келген учаскеде бақылау жүргізе алады, дейді мамандар.


Бөлісу