Басты Жаңалықтар Сенат төрағасы БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісімен кездесті

Сенат төрағасы БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісімен кездесті

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, серіктестікті одан әрі нығайтуға қатысты міндеттерге тоқталды. Мәулен Әшімбаев әлемдегі геосаяси ахуалға тоқталып, Қазақстан дау-жанжалды халықаралық құқық және БҰҰ Жарғысы аясында дипломатиялық жолмен бейбіт шешуге бейіл екенін атап өтті. Осыған байланысты Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін нығайтуда өзекті құрылымның біріне айналған БҰҰ-ның Алматыдағы Өңірлік орталығының маңызы туралы айтты. Ол Орталықты құру дер кезінде қабылданған шешім екенін және бұл қадам Қазақстан мен БҰҰ арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынастардың нақты нәтижесі саналатынын атап өтті. Кездесуде Сенат Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның іске асырылу барысына да назар аударды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында бірпалаталы Парламент жүйесіне көшу туралы бастама көтерген еді. Осы мақсатпен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, еліміздің стратегиялық даму басымдықтарына және қазіргі жаһандық сын-қатерлерге сай жаңа Конституция жобасы әзірленді. Жаңа Ата заң жобасында құқықтық мемлекет қағидаттары, қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету принциптері бекітілген. Олар мемлекет үшін ең жоғары құндылықтар ретінде айқындалды. Аталған бастама бойынша қорытынды шешімді еліміздің азаматтары 15 наурызда өтетін республикалық референдумда қабылдайды.

Саранго Раднарагча, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:

Біз Қазақстанда жүріп жатқан соңғы саяси реформаларды, соның ішінде конституциялық реформаны бақылап отырмыз. 15 наурызда референдум өтетінінен хабардармыз. БҰҰ тарапынан біз заңнамалық мәселелер бойынша, атап айтқанда, жекелеген заңдарды әзірлеу және оларға өзгерістер енгізу кезінде, егер мемлекетке мұндай көмек қажет болса, тиісті консультативтік қолдау көрсетуге дайынбыз.


Бөлісу