Бүгін Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайында «Шанышқылы Бердіқожа батыр: Тың зерттеулер мен тұжырымдамалар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ондағы мақсат – жеке бастың қамынан жалпақ жұрттың, атаның намысынан жалпы ұлттың, байтақ Отанның мүддесін жоғары қоя білген батыр – Шанышқылы Бердіқожаның ерлігін ұлықтау.
Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты. Олардың қатарында Оразкүл Асанғазықызы, Сейіт Қасқабасов, Серік Негимов, Бақтыбай Қасымбеков, Несіпбек Айтұлы, Зиябек Ермұханұлы, Ербол Тілешов, Мақсат Алпысбес, Жақсылық Сәбитов, Өрісбек Чоманұлы, Бақыт Еженханұлы, Дихан Қамзабекұлы және басқалар бар.
Конференция жұмысын ашқан модератор, С.Сейфуллин мұражайының директоры, ақын Н.Айтұлы Бердіқожа батырдың өмірбаян беттеріндегі тың дүниелерді ғалымдар назарына ұсынды.
Іс-шара барысында сөз алған техника ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Қасымбеков Бердіқожа батырдың жерленген жері, қазба жұмыстары, батырдың келбетін қайта қалпына келтіру, қайта жерлеу рәсімі, батыр кесенесінің және ескерткішінің жобалары туралы айтты.
Сонымен қатар, Сейіт Қасқабасов, Серік Негимов, Мақсат Алпысбес сынды бірқатар ғалымдар батыр турасындағы ойларымен бөлісті.
Әйгілі Мәшһүр Жүсіп: «Абылай заманындағы ең атақты, сенімді батырлардың бірі болған», деп сипаттаған Бердіқожа – жоңғарларға қарсы Ұлы жүздің қолын бастаған батырлардың бірі. Дерек көздері «Абылай хан Бердіқожа батырсыз кеңес өткізбеген, жорыққа да шықпаған», деп жазады. Оны ірі саяси қайраткер, даңқты қолбасшы, шебер мәмілегер ретінде есептеген.
Ержүрек қолбасшы, батыр Бердіқожа әйгілі Қабанбай батырмен қанаттаса жүріп, Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті және Сарысу бойындағы Итішпес, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шорға шайқастарында Ұлы жүз жасақтарын басқарған. Оның ерлік істері жыр-дастандарға арқау болып, «Бердіқожа батыр» деген поэма бүгінге жеткен.