Басты Жаңалықтар Абай облысында үш жылда улы газдан қорғайтын 15 мың құрылғы тегін орнатылған

Абай облысында үш жылда улы газдан қорғайтын 15 мың құрылғы тегін орнатылған

Абай облысында жылыту маусымы басталғалы өрт жиіледі. Былтыр иіс тиіп 11 адам қаза тапқан. Екеуі бала. Ал биыл оқыс оқиға саны екі есеге  дейін артқан. Сондықтан, Төтенше жағдайлар департаменті алдын алу жұмыстарын күшейтті. Мамандар улы газдан қорғайтын құрылғыларды тегін орнатып жатыр.

Акцияға Төтенше жағдайлар департаменті, еріктілер, полиция мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысуда. Шара кезінде үйлердің пештері мен электр желілеріндегі ақауларды тексерді. Өйткені өрт жылыту маусымы кезінде көбіне жеке меншік секторда тіркеледі.

Нұрсат Мақсат, ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының инженері:

«Былтыр от жағу маусымы кезінде 304 өрт тіркелді. Тек қана жеке тұрғын секторында ғана. Оның ішінде 11 адам қаза тапты. 37 факт адамдардың улы газбен улануы тіркелген»

Зейнеткер, Мейрамғазы Қыстаубаев мамандарға түтінді алдын ала ескертетін құрылғыны құрып беруді өтінген. Өйткені ескірген жер үйдің пеші жиі бықсиды. Сондықтан, сақтықта қорлық жоқ-дейді ақсақал.

Мейрамғазы Қыстаубаев, қала тұрғыны:

«Әрбір жер үйге шынында да керек. Кейбір үйде көп бала бар. Аяқ астынан түтін шығып, болады ғой пеш те тартпай қалады. Сол кездерде пайдасы көп тиеді.»

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары құрған осындай құрылғылардың арқасында  соңғы үш жылда 21 адамды құтқарылған.

Ерасыл Кәдірбеков, ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:

Бізде облыс бойынша 7 мыңнан астам әлеуметтік осал топтар бар. Сол үйлердің барлығын осы датчиктармен  қамтып жатырмыз. Қазір 1,5 мың датчик қойылды. Үш жылда 10 мыңнан астам датчик қойылды.

Мамандар әсіресе аз қамтылған, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер тұратын үйлерді арнайы құрылғылармен қамтып жатыр. Оған қоса жер үйлердің мұржаларын да күйелеп, ақауларын жоюды қолға алған. 


Бөлісу