Бөлме сәні – гүл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бөлме сәні – гүл

04.04.2015
Бөлме сәні – гүл

Гүл - сұлулықтың, әсемдіктің белгісі. Тіпті, адам жанын емдейтін, көңіл-күйін көтеретін қасиеті де бар. Әсіресе, бөлме гүлдері адам жанына жылулық сыйлайды. Гүл өсірудің де тәсілдері болады. Әр гүл әртүрлі баптауды қажет етеді. Біреуі суды көп қажет етсе, біреуіне жарық көбірек қажет. Гүлдің өзіндік ерекшеліктерін біліп жүрейік.

Юкка – ағаш пішіндес өсімдік. Солтүстік Американың ылғалды субтропикалық аймағынан шыққан. 40-қа жуық түрі бар. Оның бақшада, құмырада өсетін, аласа бойлы, жасыл және ала жапырақты түрлері бар. Юкканың «Yucca elephantipes» деп аталатын түрін үй жағдайында өсіруге болады. Діңінің жоғарғы тұйық басынан семсер тәрізді ұзын да қалың жапырақтары тарала өседі.

Жапырақтарының ұзындығы – 30-75 см, жалпақтығы – 5-8 см аралығында, түсі жасыл. Юкка жарық сүйгіш өсімдік. Суыққа да төзімді. Жаз айларында жеткілікті мөлшерде, қыста сирек суғарылады. Жапырақтарын тазарту үшін су бүркіп немесе дымқыл матамен сүртуге болады. Наурыздан тамызға дейін айына бір рет топырағын тыңайтып тұру керек.

Юкка гүлі қалемшелеу арқылы көбейтіледі. Ұзарып өскен юкканың діңін бірнеше бөлікке бөліп, тамырландыру жолымен көбейтуге болады. Сондай-ақ тамырларындағы түйнектерімен көбейтуге болады.

Бегония – жапырағы түрлі түсті, сабағы түкті көпжылдық өсімдік. Бұл гүлдің барлық түрлерін қыш құмырада өсірген дұрыс.

Өсімдікті көктемде шырпыл, кесінділерін қалемше ретінде пайдаланып және оларды 2 бөлігі жапырақ шірінділері аралас топырақтан, 1 бөлігі шымтопырақ пен қарашірік топырақтан, 1 бөлігі құмнан тұратын топыраққа егеді.

Бегония көлеңкелі жерді, ылғалдылықты жақсы көреді. Мамандар құмыраның астындағы ыдысқа су құйып қоюға кеңес береді. Айта кету керек, бұл гүлге күн тікелей түспеуі керек.

Антуриум (мужское счастье) – күтімді қажет ететін гүл. Бұл гүлді тікелей күн көзінің түсуінен сақтап, көлеңке жерде ұстаған жөн. Ылғалдылықты жақсы көретін гүл жаз айларында үш-төрт күнде бір рет суару керек. Ал қыс мезгілінде аптасына бір рет суару жеткілікті.

Жылына бір-ақ рет, көктемде ауыстырып отырғызуға болады. Гүлдеп тұрған еркек бақытының шоқ бұтасын екіге бөлу арқылы көбейтуге болады. Күтімі жақсы гүл 3 жыл өмір сүреді. Одан кейін жапырағы мен гүлі сарғайып, солады.

Фуксия – қызыл гүлді өсімдік. Ұсақ жапырақтары бір-біріне қарама-қарсы біткен, гүлдері нәзік, тез солғыш, сабағы жіңішке болып келеді. Фуксия жарық аз түсетін бөлмеде жақсы өседі. Оны жаз айларында көлкітіп, не бүркіп суарады. Әр 10 күн сайын қоректендіріп отырады. Ал қыста суаруды азайтып, терезеге жақын, салқын жерге орналастыру қажет. Фуксияны гүл жарған кезде орнынан қозғауға болмайды, өйткені гүлі түсіп қалуы мүмкін.

Спатифиллум (женское счастье) – тропикалық аймақта өсетін бұл гүл аса талғампаз, әрі күтімді қажет етеді. Гүлдің жақсы өсуі үшін жарық, ылғалды ауа және бөлме температурасы бірқалыпты, яғни жылы болу керек. Гүл солтүстік немесе күншығыс беткейге қараған терезенің алдына қойылады. Спатифиллумді тікелей күн көзінің түсуінен сақтау қажет. Әйтпесе, жапырақтары сарғайып, солып қалады. Көктем, жаз айларында мол суаруды қажет етеді. Судың 12 сағат тұндырылған және бөлме температурасымен бірдей болғаны ләзім. Сондай-ақ, гүлді жылы сумен бүркіп тұрған абзал. Дегенмен, бүршік жарып тұрса, оған су тимес үшін шүберекпен жауып қойыңыз.

 

Фото: divantransformer.ru

Хабарламаларға жазылу