Бүгін Алматыда «Балапан» телеарнасы «Менің сүйікті мультфильмім» атты акция ұйымдастырады. Шара «Мега» сауда-ойын-сауық орталығындағы (Розыбакиев көшесінің бойында) «MARWIN» дүкенінде өтеді.
Акцияға қаладағы балалар үйінің бүлдіршіндері де қатысады. Олар «Балапан» телеарнасынан көрсетілетін «Әли мен Айя» мультхикаясындағы кейіпкерлердің суретін салып, бояйды.
Сондай-ақ, қуыршақ театрының аниматорларымен ойын ойнап, талантты балалардың өнерін тамашалайды. Мереке соңында «Балапан» телеарнасының арнайы сыйлығы үлестіріледі.
Отандық анимациялық өнімдерді кеңінен насихаттауға арналған шара сағат 11:00-де басталады.
Айта кетейік, телеарна ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық өнімді қолдауға арналған «Қазақстанда жасалған» атты мемлекеттік жобасын іске асыру мақсатында «Менің сүйікті мультфильмім» атты акцияны өткізбек.