Елордада әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алды
Елордада әлеуметтік нысандардың құрылысы мен көлік инфрақұрылымын дамыту қарқын алды. Үш жылда 109 мың оқушыға арналған 44 мектеп пайдалануға берілген. Білім беру нысандарымен қатар, Астанада екі бірдей Оқушылар сарайы мен жеңіл рельсті көлік желісі салынып жатыр. Елордадағы қарқынды құрылысты әріптесім Айнұр Маратқызы көріп қайтты.
Айнұр Маратқызы, тілші:
Бұл - Мұқан Төлебаев көшесіндегі Оқушылар сарайы. Аумағы 12 мың шаршы метрден асады. Бір мезетте 750 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда үйірмелерге арналған бөлмелерден бөлек, 300 орындық акт залы мен 25 метрлік бассейн де бар. Сонымен қатар, робототехника, графикалық дизайн, авиа, аэромодельдеу секілді заманауи бағыттар да қамтылған. Яғни, балалардың шығармашылық, спортпен, ғылыммен айналысуына жан-жақты жағдай жасалады.
Жамбыл Жетпісбаев, жоба жетекшісі:
Құрылыс жұмыстары 98 пайызға бітті. Қазіргі таңда жиһаздарды орындарына қойып жатырмыз. Ғимараттың сыртқы абаттандыру жұмыстары да бітті. Воллейбол, футбол алаңы бар. Баскетбол алаңы бар.
Айнұр Маратқызы, тілші:
Заманауи талаптарға сай кешеннің құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Қыркүйек айының соңында Астанада жаңа оқушылар сарайы балалар үшін есігін айқара ашпақ.
Оқушылар сарайынан бөлек, қазір 9 мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соның бірі - қаладағы 15-мектеп. Сыйымдылығы 900 орындық білім ошағы келер жылы мамырда қолданысқа берілмек.
Шынтас Олжас, жоба жетекшісі:
Қазіргі таңда мектепте 5 блок бар, үш блогының каркасын толық бітіріп қойғанбыз. Ішкі әрлеу жұмыстары, қабырға қалау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ тағы екі блокта монолит жұмыстары жүріп жатыр. Сыртқы желілердің жұмысын бастап кеттік.
Дамир Әбдуалиев, Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
8 мектеп биыл тапсырылады. 4 мектепті 1 қыркүйекте тапсырдық, 4 мектепті жыл соңына дейін тапсырамыз. Келесі жылда жоспарымызда салынып жатқан 9 мектебіміз бар, бұл 17 200 орындық мектеп.
Айнұр Маратқызы, тілші:
Елордадағы көлік қатынасын жеңілдетуге бағытталған «Тарлан Астана» құрылысының екінші кезеңі де қарқын алып келеді. Қосшы бағыты бойынша тіректер тұрғызылып, эстакада элементтері орнатылып жатыр.
Сондай-ақ Сығанақ, Айтматов көшелері арқылы Жеңіс даңғылына дейін созылмақ. Қазір геологиялық жұмыстар жүріп жатыр. Екінші кезектегі желінің жалпы ұзындығы 26,5 шақырым, 20 станса.
Айнұр Маратқызы, тілші:
Екінші кезең аяқталғанда елордадағы жеңіл рельсті көлік желісінің ұзындығы 48,9 шақырымға жетеді. 38 стансаны қамтитын жүйе қаланың негізгі бағыттарын байланыстырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы