Тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру ұсынылды
Елімізде табиғи апат қаупі бар өңірлердегі тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру ұсынылды. Заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Құжатқа сәйкес, жер сілкінісі, су тасқыны, сел және табиғи орман өрті қаупі бар өңірлердегі жеке тұрғын үйлер сақтандырылуы мүмкін. Ал жыл сайынғы төлем мөлшері 0,5-тен 5 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленбек. Бұл талап кімдерге қатысты және сақтандыру төлемі қалай есептеледі? Тілшіміз Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Жаңа жобаға сәйкес, сақтандыру талабы табиғи апат қаупі бар деп белгіленген өңірлерде тұратын жеке тұлғаның меншігіндегі тұрғын үйлерге қатысты болады. Сақтандыру сомасы әр үй үшін бірдей емес. Жылдық сыйақы мүлік салығының базасына және өңірдегі табиғи қауіп деңгейіне қарай есептелмек. Ең төменгі төлем – 0,5 АЕК, ең жоғарғысы – 5 АЕК. Мысалы, биыл АЕК мөлшері 4 325 теңге, бұл шамамен 2 163 теңгеден 21 625 теңгеге дейін деген сөз.
Жоба бойынша үй толық қираса, төлем мөлшері сақтандыру сыйақысының 500 есесіне дейін, ал баспана зақымданса – 250 есесіне дейін болуы мүмкін. Мәселен, жылдық сыйақы 10 мың теңге болса, толық қираған үй үшін төлем 5 миллион теңгеге дейін, ал зақымданған жағдайда 2,5 миллион теңгеге дейін жетуі ықтимал. Сақтандыру төлемін есептеу кезінде өңірдегі табиғи қауіп деңгейі де ескеріледі. Жобаға сәйкес, әр облыс пен республикалық маңызы бар қалаға қауіп деңгейіне қарай жеке коэффициент белгіленеді.
Маңыздысы – төтенше жағдай жарияланғаннан кейін жаңа келісім жасауға немесе сақтандыру сыйақысын жинауға жол берілмейді. Яғни баспана апат болғанға дейін сақтандырылуы керек. Ал тұрғын үйі ортақ меншікте болса, келісім бойынша меншік иелерінің бірі шарт жасай алады. Келісім болмаған жағдайда әр меншік иесі өз үлесін жеке сақтандыруға құқылы. Заң жобасы қазір қоғамдық талқылауда. «Ашық НҚА» порталында 7 қазанға дейін жалғасады. Құжат қабылданса, оның нақты талаптары мен іске асу тәртібі заңда белгіленеді.
Автор
Нұрсұлтан Нұрсейіт
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Тарих тағылымы – болашаққа бағдар
17.09.2026, 20:29
Қазақстанның халықаралық резервтері өсті
17.09.2026, 20:04
Елімізде өмірін сақтандыратындар көбейген
17.09.2026, 20:01
2027 жылы адами капиталға жалпы бюджеттің 35 пайызы жұмсалмақ
17.09.2026, 20:01
Ақтау портында жаңа айлақтар салынып жатыр
17.09.2026, 19:55
Елордада әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алды
17.09.2026, 19:53
Алматыда 9 мың электрлі самокат айып тұрағына қойылды
17.09.2026, 19:52
Алтын Орда халқының бүгінгі ұрпақпен генетикалық сабақтастығы зерттеледі
17.09.2026, 19:52