Басты Жаңалықтар Ғабит Мүсірепов театрына – 80 жыл

Ғабит Мүсірепов театрына – 80 жыл

Сексен жыл… Бұл - бір театрдың ғана емес, тұтас бір дәуірдің тарихы. Сахнадан сан буынның үні естіліп, талай көрерменнің жүрегінде өшпес із қалған уақыт. Бүгін Алматыда Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 80 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Қазақ театр өнерінің қарашаңырағында «80 жылдық сахна сыры: рух, өнер, ізденіс» атты дөңгелек үстел өтіп, театрдың жүріп өткен жолы мен бүгінгі биігі сөз болды. Айтулы мерейтой жаңа 81-маусымның ашылуымен тұспа-тұс келді. 80 жылда театр өз көрерменін тәрбиелеп қана қоймай, ұлттық өнердің алтын арқауын үзбей, жаңа ізденістермен толықтырып келеді. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев театр ұжымын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, арнайы хат жолдады. Құттықтау хатты Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов оқып берді. Министр өз хатында театрды бірнеше буын көрерменнің рухани дүниесін байытып, ұлттық драматургияның үздік туындыларын ұлықтаған іргелі өнер ордасы ретінде атап өтті. Сондай-ақ Башқұртстан мен Өзбекстаннан келген театр сыншылары да қарашаңырақтың шығармашылық ізденісіне жоғары бағасын берді. Бүгінде театр ұжымы шетел сахналарында да өз өнерін танытып, биіктерден көрініп жүр.

Рахман Омар, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері:

Жетістігіміз өте көп. Міне, жақында ғана «Қаһар» спектаклімен шетелге барып, бас жүлдені актрисамыз алды. Бас режиссер жүлдесін Дина Жұмабай режиссеріміз алды. Сол сияқты күні ертең тағы да екі спектакліміз  шетелге екі жолдама алып, аттанғалы жатыр. Ол  жағынан кенде емеспіз.
Бөлісу