Тарих тағылымы – болашаққа бағдар
Президент Құрылтайдың алғашқы отырысында «Біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама» деп айрықша атап өтті. Ұлтымыздың өткен жолы мен жетістігін қазіргі жастардың бойына сіңіріп, тарихтың тағылымы дәріптелу қажет. Осы орайда Сыр өңірінде жас ғалымдар өткенді зерделеп, келешекке үлкен сеніммен қарайды.
Ислам Құрманиязов - Қорқыт ата университетінің жас ғалымы. Археология және тарих мамандығы бойынша білім алушы студенттерге дәріс береді. Аймақтағы көне шаһарлар мен тарихи орындарды зерттеп, ғылыми еңбек жазған. Жас ғалым қазақ даласының бай тарихы мен ұлы тұлғаларын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, дәріптеу маңызды бастама деп есептейді.
Ислам Құрманиязов, философия ғылымдарының PhD докторы, тарихшы:
Қазақстан тарихының жеті томдығы қазіргі таңда әзірленіп жатыр. Бұл жеті томдықта ежелден бастап қазіргі уақытқа дейінгі тарихымыздың жаңа парақтары қайта жазылып, сараланып өтіп жатыр. Тарихымыздың бай екендігін жастарға сіңіре білуіміз керек.
Бүгінде іргелі оқу орнында 300-ге жуық студент археология және тарих мамандығы бойынша білім алып жатыр. Білімпаз жастар ел тарихын терең оқып, біліп қана қоймай, түрлі халықаралық байқауларға қатысып келеді. Яғни, қазақтың тарихынан ғылыми жобалар әзірлеп, шет елдерге танытып жүр.
Бек Ерімбет, студент:
Егер бәйтеректің тамыры тереңдей өсетін болса, ол соншалықты дауылға берік әрі төзімді болады. Сондықтан әрбір өзінің тарихын білген жас ұрпақ, өзінің сол бір тарихты түсіне білген жас ұрпақ, өздерінің арқаларында тәуелсіздік жүгінің бар екенін, жауапкершіліктің бар екенін сезінеді.
Тарихты білу – өткенді еске алу емес. Бұл тағылым болашаққа бағдар. Елге деген сүйіспеншілік туған жерін құрметтеуден, тарихын танудан басталады. Халқымыздың талай қилы кезеңді еңсеріп, еліміздің егемендік алып, еңсе тіктеуі бүгінгі ұрпаққа аманат.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы