Басты Жаңалықтар Ақтау портында жаңа айлақтар салынып жатыр

Ақтау портында жаңа айлақтар салынып жатыр

Президент Жолдауында Транскаспий көлік бағытының инфрақұрылымын жақстартып, одан түсер табысты еселеуді тапсырған еді. Осы орайда біршама ауқымды жұмыстар атқарылып, Қазақстанның Каспийдегі теңіз порттары арқылы жүк тасымалы артып келеді. Биыл Ақтау портынан 6 миллион тоннаға жуық жүк жөнелту жоспарланған. Ал Құрық порты жылына 7 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады. Бүгінде порттардың өткізу қабілетін одан әрі арттыру үшін инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру жұмыстары қатар жүріп жатыр. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Ақтау порты - еліміздің Каспийдегі негізгі теңіз қақпасы. Мұнда жылына 11 миллион 800 мың тоннаға дейін жүк қабылдап, жөнелтуге мүмкіндік бар. Биыл порт арқылы 5 миллион 909 мың тонна жүк өткізу жоспарланған. Портқа келетін кемелердің негізгі бағыты - Баку. Екі ел арасындағы теңіз қатынасын жандандыру үшін биыл тағы үш кеме қосылып, тұрақты қатынайтын кемелер саны 10-ға жетті.

Ғалым Айтжанов, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

ТМТМ бағыты бойынша контейнерлік жүк жөнелту өткен жылы 63 мың 20 тонналық эквиваленттегі контейнерді құрады. Бүгінде 93 мың контейнер тиеуге қоймада мүмкіндік бар. Қазір 10 кеме жұмыс істеп тұр, 2028 жылға дейін Қазақстан бұл көрсеткішті 20 кемеге жеткізуді жоспарлап отыр.

Контейнерлік тасымалды арттыру үшін порттағы инфрақұрылым да кеңейтіліп жатыр. Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты айлақтардың түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Теңіз түбінен алынатын 1 миллион 300 мың текше метр топырақ пен тас жаңадан екі айлақтың құрылысына пайдаланылады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Ақтау халықаралық теңіз сауда порты аумағында 8 айлақ бар, тағы екі айлақтың құрылысы жүріп жатыр. Порт аумағын кеңейту жоспары аясында қосымша 3 айлақ салу жоспарланған Міне, сол кезде контейнерлік жүк тасымалы артып, жылына тағы да 150 мың контейнер тасымалдауға мүмкіндік болады.

Құрық портында кемелерді өңдеу уақыты қысқарды

Құрық портында да жүк тасымалын арттыруға бағытталған жобалар іске асырылып жатыр. Порт жылына 7 миллион тоннаға дейін жүк ауыстырып, тиеуге қауқарлы. Мұнда цифрландыру жұмыстары да қатар жүруде. Соның нәтижесінде кемені қабылдау және жөнелтуге байланысты бұрын бірнеше сағат алатын рәсімдердің уақыты қысқарған.

Еркін Нығметов, Құрық портының бас директоры:

Каспий теңізінің деңгейінің түсуіне байланысты жобаларымыз бар. Айлақтарды модернизациядан өткізу. Бұл жұмыстарды бітірдік, биыл екі айлағымызды модернизациядан өткіздік. Оның арқасында кемелердің тұру уақыты қысқарды. Бұрын, мысалы, 18 сағат кеме тиелетін болса, енді 12 сағатта кемелер жіберілетін болды.

Құрық портында да паромдар саны көбейтіледі. 2028 жылға дейін Қазақстан туы астында тағы 5 жаңа паромды іске қосу көзделген.


Бөлісу