Ұлыстың ұлы күні Павлодарда 1,5 тонна Наурыз көже, 2,5 тонна бауырсақ және 900 литрге жуық қымыз әзірленді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының өкілдері достық пен бірліктің символына айналған Тайқазанға Наурыз көже әзірледі. Айтулы мерекемен өңір тұрғындарын облыс әкімі Қанат Бозымбаев құттықтап, ізгі тілегін жолдады.
Бұл күні мерекелік думанға орай отыздан астам киіз үй тігіліп, қырық шақты қайырымдылық дастархан жайылды. «Наурыз - мереке бастауы» алаңында ересектер мен жастар қазақ күресі, бағанаға өрмелеу және басқа да түрлі ұлттық, спорттық ойындар ұлықталды. Сондай-ақ, жергілікті қолөнершілердің сәндік-қолданбалы өнерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Бүгін Ұлыстың ұлы күні мерекесімен павлодарлықтарды қазақ эстрадасының жұлдыздары құттықтап, әннен шашу шашты. Орталық алаңға Наурыз мейрамын қарсы алуға жиналған жұртшылық әнші Нұрлан Албан мен «Әжелер» тобы, Қайрат Байекенов пен «Формат» тобы және Серік Ибрагимовтың өнерін тамашалады.