Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, танымал қылқалам шебері Әбілқасым Сәрсенбаевтың «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» және «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» атты екі бірдей кітап-альбомының тұсаукесері өтті.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқырманға жол тартқан кітап-альбомның жарыққа шығуы 2008-2009 жылдары ұйымдастырылған «Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедициямен тікелей байланысты. Осы экспедицияның құрамында болған Әбілқасым Сәрсенбаев Мұстафа Шоқайдың туған жері Қызылорда облысындағы Наршоқыдан бастап, Парижге дейін барып қайтты.
«Мұстафа Шоқайдың болған, жүрген жерлерінде түрлі әңгімелер естіп, жаңа мағлұматтар алып, түрлі конференцияларға қатысып, Мұстафа Шоқайдың жүрген жерлерін жайлап қарындашпен нобайлай бастадық. Сол жиналып келіп, кітап болып шығып отыр»,-дейді суретші.
«Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» кітабында ұлт мүддесіне өмірін арнаған, халқымыздың бірлігі мен еркіндігін мұрат етіп, азаттық үшін күрескен күллі түркі дүниесінің көсемі Мұстафа Шоқайдың сан-қырлы өмірі тың деректермен баяндалады.
Ал, «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» атты кітапта заңғар тұлғаның идеялары мен саяси қызметін қылқаламның құдыретті күшімен бейнелеп, сол өткен тарихи кезеңді көз алдыңызға әкеледі.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.