Басты Жаңалықтар Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Соңғы екі жыл ішінде құтқарушылардың еңбекақысы 77 пайызға өсті. Енді оларға арнайы үстемеақы төленеді. Бұл бағыттағы жұмыстары жалғаса бермек. Бүгін сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтаған Президент осылай деді. Азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне алғыс білдірген мемлекет басшысы бірқатарын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Яғни 30-ға жуық сала үздігіне бірінші, екінші, үшінші дәрежелі «Айбын» ордені, «Құрмет» ордені сондай-ақ «Ерлігі үшін» және «Ерен еңбегі үшін» медалдарі табысталды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Лаулаған от, тасыған су, құлаған ғимараттар. Олар үшін әр шақыру – шайқас, әр қоңыраудың артында адамның өмірі тұр. Осындай қауіп-қатердің ортасында жүріп, күн сайын көзсіз ерлікке баратын құтқарушылардың еңбегі қашан да жоғары бағалануы тиіс. Бүгін мәртебелі маман иелері Ақордаға жиналды.

Солардың бірі – Шынболат Әзімбаев. Ол бүгін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оның тәуекелге барып, өмірін қатерге тіккен сәттері көп. Мәселен, «Жамбыл Полимер» зауытындағы өртте 50-ге жуық газ баллонын сыртқа алып шығып, жойқын жарылыстың алдын алды.  Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан болған өртті өшіруге күш салды. Жуырда ғана жанып жатқан пәтерден үш баланы шығарып, құтқарып қалды.

Шынболат Әзімбаев, Жамбыл облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының жедел кезекшісі:

Сол үйде орналасқан 20 адамды эвакуациялап сыртқа шығардық. Ішінде 10 бала болды. Соның ішінде жанып жатқан үйден үш баланы алып шығып, алғашқы көмек көрсеттік. Жедел уақтылы қызмет жасамасақ, үш бала түтінге тұншығып, өмірден озып кетуі мүмкін еді.

Ал Қанат Сәрсенғалидің  осы салада еңбек еткеніне 22 жылдан асты. Содан бері талай ірі құтқару операцияларына қатысты. Су тасқынында да кәсібилігімен көзге түсті. Соңғы оқиғада  100 шаршы метр аумаққа жайылған өртті сөндіріп, түтінге тұншыққан азаматтың өмірін құтқарып қалды.

Қанат Сәрсенғали, ҚР ТЖМ Орал қаласы № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

Біз үшін үлкен мәртебе. Біздің еңбегімізді елеп, Мемлекет басшымыз үлкен марапат жасады. Өте қуаныштымын. Біздің жұмыс өте қиын. Еңбекті бағалап жатыр. Үлкен рахмет.

Ал тәжірибелі ұшқыш Андрей Бухал әуеде жүріп-ақ талай жанның өміріне араша түсті. Соның бірі тамыз айында болған. 4410 метр биіктікте жүріп, тау шатқалдарындағы қиындыққа қарамастан қорғансыз қалған альпинистерді құтқарды.

Андрей Бухал,  ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ  ұшқышы-нұсқаушысы:
Ол тек менің ғана емес, қасымда болған бүкіл экипаж мүшелерінің табандылығы еді. Біздің бірлесе жұмыс істегеніміздің нәтижесінде жоспарымыз сәтті орындалды.

Осылайша құтқарушылар соңғы бес жылда 225 мың адамның өмірін тілсіз жаудан аман алып қалды.

Жәнібек Сейтжанов, ҚР ТЖМ Ақмола Облысы № 23 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

Осы салада жүргеніме 25 жыл болды. Соңғы бір жағдайда 3 қабатты үй жанып жатты. Екінші қабатындағы пәтерде есін жоғалтқан екі адамды алып шықтық. Санаулы секундтарда адам өмірін құтқару үшін  барлық тәуекелдерге барамыз.

Нұржан Жолжақсынов, ҚР ТЖМ ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

Халық шулағаннан кейін қарасам бір бала тұншығып жатыр екен. Содан ойланбастан, жилетімді киіп, шеңберімді алып, суға түсіп кеттім. Құтқару керек болды, жұмысымыз да сол, ондай жерде тұра алмайсың. Ең бірінші адамды құтқару керек, содан кейін өзімізді ойлаймыз.

Иә өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен құтқарушыларды бүгін Президент кәсіби мерекесімен құттықтап,  бейбіт күннің батырларына алғыс айтты. Әрі азаматтық қорғау саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – әрине өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады. Сіздердің адал қызметтеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өте жақсы үлгі-өнеге.

Соңғы жылдары еліміз бастан өткерген табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскені белгілі. Былтырғы су тасқыны, бірнеше өңірде болған алапат өртті де азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігінің арқасында еңсердік, - деді Президент. Бүгінде бұл салаға мемлекеттен қолдау күшейді. Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы екі жарым есе көбейді. Нәтижесінде 1700-ден астам арнайы техника алынды. 42 өрт сөндіру депосы және құтқару станциясы салынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы да басты назарда. Соңғы екі жыл ішінде сала мамандарының еңбекақысы 77 пайызға өсті, енді оларға арнайы үстемеақы төленетін болды. Сондай-ақ тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік жеңілдіктер беріле бастады. Жалпы, бұл жұмыс міндетті түрде өз жалғасын табады. Осындай шаралардың арқасында азаматтық қорғау саласының кадрлық әлеуеті артып келеді.

Құтқарушы еліміздегі ең беделді мамандықтың біріне айналуы тиіс. Сондықтан Президент  жаңа заман құтқарушыларын даярлауға ерекше назар аудару қажет екенін тілге тиек етті. Басқару үдерісін автоматтандыруға, цифрландыруға, өзге де заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге күш салу керек. Ал қарапайым азаматтарға кез-келген апатта қандай әрекетке баратынын үйреткен жөн. Президент спорт федерацияларының жұмысын да сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы, бүгінгі таңда спорт федерациялары абырой-бедел жинайтын құрылымға айналып кетті. Көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері және мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отыр. Бірақ ашығын айтуымыз керек, кәсіпкерлер осы қоғамдық маңызы бар іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады. Мұндай теріс, жағымсыз үдеріске тосқауыл қою керек. Осы мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізу қажет. Бұл жұмысты Президент Әкімшілігіне тапсырамын.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, спорт және дене шынықтыруға қолдау көрсетуді құрметті қоғамдық миссия және үлкен азаматтық жауапкершілік ретінде қарастырған жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ел ішінде және шетелде атақ-абыройыңды асқақтату үшін федерация басқару дұрыс емес. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерді, соның ішінде ірі бизнесмендерді қолдайды. Бірақ мемлекет пен қоғам да олардың осыған сай әрекет еткенін күтеді. Атап айтқанда, бұл спортты, мысалы футболды коммерцияландыру мәселесіне қатысты. Туризм және спорт министрлігі мен спорт федерацияларының арасында тең құқылы диалог өрбіп, міндеттері мен құзыреттері нақты айқындалған ынтымақтастық жолға қойылуға тиіс.

Кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыру – мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдығы. Президент бұған ерекше мән беретінін жеткізді. Қазір бірқатар спорт федерациясына бизнесмендердің, меценаттардың жаңа буыны келе бастады. Оларға спортты дамыту саласындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктелді. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік. Тіпті, осы жолда құрбан болған ерлеріміз аз емес. Өткен отыз жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Олардың есімін ұмытпауымыз керек. Ұлықталуы тиіс, деді президент.


Бөлісу