Басты Жаңалықтар Кәсіп иелерінің 70 пайызының салық жүктемесі азаяды

Кәсіп иелерінің 70 пайызының салық жүктемесі азаяды

Елде 1111 қызмет көрсету түрі бар. Шамамен 2 млн-ға жуық жеке кәсіпкер осы саланы дөңгелетіп отыр. Салық кодексіндегі «арнайы салық режимі»— шағын және орта бизнес өкілдерінің салық төлеуін жеңілдету үшін қарастырылған тетік. Яғни есеп жүргізуді оңайлатып, салық жүктемесін азайтады. Дәл осы жеңілдікке кәсіп иелерінің 70 пайызы ілігіп отыр. Ал қалғаны жалпыға бірдей салық төлейді. Себебі олар ірі, күрделі немесе жоғары табысты қызмет салаларына жатады. Осы сынды салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндіру үшін бүгін Экономика және Қаржы министрлігі мамандары бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға қатысушылар тарапынан кәсіпке жасалатын жеңілдіктер, әкімшілік хаттамаларды азайту, саланы цифрлық форматқа ауыстыру сынды тақырыптарда сұрақтар көп. Сондықтан түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасады.

Тимур Жаркенов, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Біз Үкіметтің соңғы шешімдерін толығымен қолдаймыз. Жеңілдік алмаған 44 кәсіп түрі бар. Олар лицензиямен жұмыс істейтін қызметтер, мәселен спирттік өнім сататын дүкен, казино, лотерея, букмекерлер және сақтандыру қызметтері мен көлік тасымалының кей түрі. Адвокат, нотариус, құрылыс, жылжымайтын мүлік операциялары. Бұлардың бәрі де кірісі жоғары салалар. Сондықтан бақылаудың күшейтілуі заңдылық.  


Бөлісу