Диқандар қызылшаны зауытқа өткізе алмай жатыр
Жамбылда қант қызылшасын қабылдау басталғанына бір апта болмай жатып шаруалар Меркі зауытына өнімдерін өткізе алмай әуре. Салдарынан 100-ден астам жүк көлігі кәсіпорын алдында кептеліп тұр. Тәуілктеп кезегін күткендер зауыт науқанға дайын болмады деп наразы.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Міне зауыт алдында кептеліс, кезек күткен көлік көп. Шамданған шаруалар өнімдерін өткізе алмай, тәуліктеп тұруға мәжбүр. Олар жылдағы жағдай қайталанып, қабылдауға қысқа дейін созылама деп қауіптенеді.
Даурыққан диқандар «Меркі қант зауытының» табалдырығын таңнан торуылдап, түн батқанша есігіне елеңдейді. Олар қант қызылшасын қабылдайтын Жамбылдағы жалғыз кәсіпорын былтырғы жағдайдан сабақ алмады дейді. Ал кезектің көбеюін қабылдау техникаларының тозғанынан көреді.
Асылбек Қалқаманов, Меркі ауданының тұрғыны:
4 БУМ істесе ол бір-ақ күнде150 КАМАЗ-ды жоқ қылады. Ал мұнда 4 БУМ істеп жатқан жоқ қой, бір-ақ БУМ істеп жатыр. Зауыт жылда табыс тауып жатыр. Сол халыққа ешқандай жағдай жасалмаған. Сағаттап емес, күндеп тұрмыз. Екі күнде бір кіріп жатырмын.
Мәди Оразбаев, Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны:
Былтырғы жартас – сол жартас. Былтыр 3 БУМ істеген қайта. Мынау бер жағы қазір КАМАЗ-дардың жартысының жартысы ғой. Бұл бастамасы. Бұл әлі болашақта ана жаққа, мына жаққа, былтырғыдай болады ғой. 10 күннен кейін мына жердің бәрі толады. Қызықтың бәрі алда әлі.
Ал зауыт тарапы жүргізушілер қабылдау құрылғысын бұзып, басталған істі баяулатты дейді. Өнім өткізуге түбіртек алмағандар да кезекке таласып, кептеліс туындатқанын айтады. Бүгінде 200-ден астам қожалықтың тек 61-і зауытпен шартқа отырған. Олардан қызылша келісі 13 теңгеден қабылданып жатыр, бұл былтырғыдан 2 теңгеге төмен.
Нұржан Қарғабаев, «Меркі қант зауыты» ЖШС бас директоры:
Жылда осындай кезек болып тұрады. Енді барлық қызылшаны қабылдап аламыз. Әр машина талонмен кіреді. Күніге сол 100 машинаға талон беріліп жатыр. Сол талонсыз келген машиналар күтіп қалып жатыр. Бүгінгі күнге 9 мың тонна қант қызылшасын қабылдадық. Енді облыс бойынша 300 мың тонна қант қызылшасы болайын деп тұр. Оны желтоқсан айының 15-іне дейін қабылдаймыз.
Әзірге кәсіпорын күніне 2 мың тонна ғана қабылдауға қауқарлы. Зауыт осы аптада қосылысымен тәулігіне 4 мың тоннаға жеткізбек. Айта кетейік, былтыр облыста тәтті түбір 11 мың га егілсе, биыл алқап көлемін 6 мың га-дан асырмады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
