Өртке оранған пәтерден екі баланы аман алып шыққан батыр
Президент қолынан марапат алған құтқарушылардың бірі – оралдық Замир Бердашев. Саналы ғұмырын осы қызметке арнаған сала ардагері бүгін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оның інісі де құтқарушы. Артур Бердашев отқа оранған пәтерден екі баланы аман алып шықты. Басын бәйгеге тіккен өрт сөндірушінің батылдығы ескеріліп, кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Кәсіби мереке қарсаңында әріптесім «бүгінгінің батырларының» бір күніне куә болды.
Оқиға осы үйдің 5-қабатында болған. Құтқарушыларға өрт шыққан пәтерде екі бала қалып қойғаны жайлы хабарлама түседі. Абырой болғанда, Артур абдырамай тез шешім қабылдап, ширақ қимылдап, ұлдарды сыртқа алып шығады. Кейін отпен ойнаған балалардың үйдегі терезе пердесін жағып жібергені анықталады. Сол күні 15 адам эвакуацияланды, олардың 5-уі – бала.
Артур Бердашев, өрт сөндіруші, бөлімше командирі:
Шақырту түскен бойда 5 минуттың ішінде жеттік. Пәтердегі екі бала шкафтың артына жасырынып қалған. Пластик төбе де бықсып жанып, улы газ тарап жатты. Егер адам мұндай түтінмен 5-6 рет демалса, тұншығып қалады. Біз дер кезінде келіп, шұғыл әрекет етіп, балаларды аман алып қалдық. Осындай сәттерде өз мамандығың үшін марқаясың.
Артур Бердашев тоғыз жылдан бері өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет етеді. Қазір бөлімше командирі. Құтқарушы болу - жүрек қалауы. Әрі әкесі, туыс ағасы, апасы да азаматтық қорғау саласында еңбек еткен. Ол №1 өрт сөндіру бөліміндегі әріптестерімен бірге тәулігіне жаз кезінде – 10-15, күн суықта 5-6 рет атқа қонады.
Нұрғали Шаймарданов, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
Артур Жасталапұлы жұмысына адал, қызметкерлер арасында сыйлы. Өрт және басқа да апаттарда тез шешім қабылдай алатын мамандардың бірі. Құтқарушыға ең бірінші батылдық керек. Сосын өз міндетін білуі керек, қандай жерде қандай шешім қабылдайды. Екінің бірі жасай алмайтын жұмыс деп есептеймін.
Ержүрек маманның батырлығы бағаланып, «Ерен ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды. Сын сағатта сыр бермей, адам өмірінің сақшысы болған құтқарушылар қандай құрметке де лайық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
