Жаңа жыл мерекесі күндері, 31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында, сондай-ақ, 7 қаңтар мереке күні Астана қаласының ІІД жеке құрамы күшейтілген тәртіпте қызмет етеді. Бұл туралы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға мыңнан астам полиция қызметкері және 200 қызметтік көлік тартылады. Оқиға орындарына уақтылы бару үшін қосымша жедел тергеу топтары құрылып, көшелер мен қоғамдық орындарда, әсіресе, кешкі және түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда патрульдік және әскери нарядтар күшейтілмек.
Қалада қондырғылар мен сыртқы безендіруді сақтау мақсатында сахналарды, мәдениет және спорт нысандарын қорғау қамтамасыз етіледі.
Орман қорғау органдарымен бірлесіп қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз шабу және сату фактілерін болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізілуде. Сертификатталмаған пиротехникалық өнімнің заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған «Пиротехника -2014» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Сондай-ақ, мерекелік отшашулар өтетін орындарда қауіпті аймақтар қоршауға алынады.