Шетелдік басылым Қазақстанның соңғы жылдардағы өзгерісіне назар аударды
Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық және әлеуметтік өзгерістері шетелдік ақпарат кеңістігінің назарында. Berlin Today интернет-басылымының Economy бөлімінде Қазақстанның 2019 жылдан бергі даму үдерісіне арналған «Seven Years That Changed Kazakhstan» атты мақала жарияланды. Авторы — Doug Brown.
Материалда Қазақстанның жаһандық пандемия және күрделі геосаяси кезең жағдайға қарамастан экономикалық өсімді сақтауға ұмтылғаны туралы айтылған. Автор елдегі өзгерістерді тек экономикалық көрсеткіштермен емес, халықтың күнделікті өміріндегі құбылыстар — жаңа тұрғын үй, мектеп, медициналық нысандар, кәсіпкерлік пен өндірістің дамуымен байланыстырған.
Мақалада экономиканы әртараптандыру мәселесіне ерекше мән берілген. Қазақстан үшін шикізат секторы әлі де маңызды болғанымен, өндірісті дамыту, дайын өнім шығару, шағын және орта бизнестің мүмкіндігін кеңейту және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру қажеттігі туралы аталып өтеді.
Автор сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық рөліне тоқталған. Елдің географиялық орналасуы мен қалыптасқан іскерлік байланыстары оны өңірлік сауда, инвестиция және өндіріс үшін маңызды алаңдардың біріне айналдырып отырғаны айтылады.
Сонымен бірге материалда шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмаған. Инфляция, қала мен ауыл арасындағы айырмашылық, инфрақұрылымның халық өсіміне ілесе дамуы және экономикадағы мемлекеттің үлесі Қазақстан үшін өзекті міндеттер ретінде көрсетілген. Автордың пікірінше, жаңа өндірістердің санын арттырумен қатар, олардың бәсекеге қабілеттілігіне де мән беру қажет.
Жалпы, Berlin Today басылымы Қазақстанның трансформациясын аяқталған үдеріс ретінде емес, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне өту жолы ретінде қарастырған. Материалда елдегі өзгерістердің түпкі өлшемі экономикалық өсім ғана емес, оның адамдардың күнделікті өміріне қаншалықты әсер ететіні екеніне назар аударылған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы