ҰҚШҰ-ның отырысында 20-дан аса құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰҚШҰ-ның отырысында 20-дан аса құжатқа қол қойылды

23.12.2014
ҰҚШҰ-ның отырысында 20-дан аса құжатқа қол қойылды

ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Қорғаныс, Сыртқы істер министрлері мен Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары халықаралық аренадағы ынтымақтастық, жауынгерлік даярлық және экстремизммен күрес салаларындағы өзара іс-қимылды нығайтуды көздейтін бірқатар құжаттарды бекітті. Келер жылы Ұжымдық жедел ден қою күштері мен ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қатысуымен бірнеше оқу-жаттығу жиының өткізу жоспарлануда, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.

 Жиырмадан астам құжатқа, соның ішінде Ұжымдық жедел ден қою күштерін дамытуға, ҰҚШҰ әскери-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі мемлекетаралық комиссия туралы ережеге қатысты құжаттарға қол қойылды. Ұжымдық авиациялық күштер жобасы туралы бастама Қазақстан тарапынан ҰҚШҰ-ға төрағалық еткен 2012 жылы көтерілген. ҰҚШҰ төрағалық Ресей Федерациясынан Тәжікстан Республикасына көшуіне байланысты бүгінгі таңда Ауғанстан мен Таяу Шығыста қалыптасып отырған күрделі жағдайды ескере отырып ұйымға мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимылдарын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінетін болады.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінгі таңда оның құрамына Қазақстанды қоса алғанда алты мемлекет кіреді. Біздің еліміз өңіраралық қауіпсіздік жүйесін әрі қарай нығайтуды, әскери және әскери-техникалық саладағы өзара іс-қимылды белсенді түрде қолдап келеді.

Хабарламаларға жазылу