Қытайда Марфуға Айтхожинаның шығармашылық кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда Марфуға Айтхожинаның шығармашылық кеші өтеді

04.12.2014
Қытайда Марфуға Айтхожинаның шығармашылық кеші өтеді

Бүгін Қытай елінде ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Марфуға Айтхожинаның шығармашылық кеші ұйымдастырылмақ. Осыған орай ақын «Таңшолпанда» қонақта болып, кеш турасында толығырақ айтып  берді.

«Біздің Мәдениет  министрлігінің қолдауымен, Қытай елі рұқсат берген соң, қанша дегенмен де, кіндік қан тамған жер ғой, жеке шығармашылық кешімді өткізбекке бел будым. Шараға өзімнің әндерімді айтатын бірқатар әншілер, журналистер қатысады»,-дейді ақын.

«Мен шет жақта өмірге келдім. Қазақстан – менің атажұртым. Әкемнің әкесі  Айтқожа – суырып салма ақын, шешен, 14 жасынан билік айтқан би болған кісі екен. Біз сол атамызға тартыппыз. Ұзын бойлы, аппақ адам болған екен. Менің есімімді де сол кісі қойған. Қажылыққа барған кезінде сол жақта Маруа деген тау барын біледі. Содан өзі ырымдап, «қыз бала дүниеге келсе, есімін Маруа қойыңдар», депті ата-анама.  Менің атым – Марфуға деп жазылғанымен, негізгі атым – Маруа. Бұл Құранда – биіктік, шың, көтеріңкі деген мағына береді»,-дейді ақын.

Халқы оны «Жыр аққуы», дейді, жақындары Міраға деп атайтын ақын: «Ата-анам бала күнімде Мәрпетай дейтін, ал, өзімнен кіші бауырларым – Кішіаға деп кетті. Ондағы себеп – әкем ел ағасы болған адам. Қиын-қыстау заманда жан-жақтан қашып барған ел әкемді паналаған екен. Содан бәрі бірігіп, туыс болып кетеді. Ал, мен сол ауылда тұңғыш дүниеге келген бала екенмін. Мені ұл бала сияқты киіндіріп, 3 жасымнан атқа мінгізіп, түгел ауыл еркелетеді екен. Содан Кішіаға атанып кеттім»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу