Әшірбек Сығай дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әшірбек Сығай дүниеден озды

28.11.2014
Әшірбек Сығай дүниеден озды

ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және «Тарлан» сыйлығының иегері, сыншы Әшірбек Сығай 68 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Атақты театр сыншысы 16 кітап жазып, мыңнан астам мақала жариялады. Ол «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары», «Театр тағылымы», «Толғам»  т.б. кітаптардың авторы. 

В.И. Ежовтың «Бұлбұлдар түні», О.Ш. Иоселианидің «Арбаң аударылғанша», Ж.Б. Мольердің «Еріксіз үйлену»,  К.Гольдонидің «Күлкілі окиға»,  Ш.Роквидің «Мазасыз әжей», т.б. шығармаларды аударған. 

Біздің анықтама:

Әшірбек Сығай – 1947 жылы 11 қаңтарда Кентау қаласында дүниеге келген.

Бозбала кезіңде «Ачлолиметалл» комбинаты жанындағы Кентау механикалық жөндеу цехында екі жыл слесарь болып жұмыс істеген.

1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдаған соң Әшірбек Сығай ұстаздық қызметке қалдырылады. Оның театр сыншысы ретінде қалыптасуы 1970 жылдардан басталады.

1989 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

Ол 1974-1994 жылдары Мәдениет министрлігі театр бөлімінің, Өнер басқармасының басшысы, ҚР Мәдениет министрінің орынбасары, Т. Жүргенов атындағы театр және кино институтының ректоры,  ҚР Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Әшірбек Төребайұлы 1992-1994 жылдары Мемлекеттік наградалар және сыйлықтар жөніндегі комитеттердің мүшесі болды. 1993 жылы Мемлекетіміздің ұлт саясаты жөніндегі Кеңесінің мүшесі болып бекітілді.

Театр зерттеушісі, қоғам қайраткері Әшірбек Сығай 2001 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарды.

Сыншы «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары»  атты  кітаптардың авторы. Жан Мольердің «Еріксіз үйлену», К. Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О. Иоселианидің «Арбаның ізімен», Ш. Роквидің «Мазасыз әжей», В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А. Шайкевичтің «Әлем алақанымызда» және тағы басқа танымал драматургтардың пьесаларын аударған. Олар еліміздің театрларында қойылды.

Әшірбек Сығай  «Сахна», «Сахна саңлақтары» қойылымдарының авторы. Ұлт қайраткері ата-бабамыздан келе жатқан рухани құндылықтарымызды әркез насихаттап, қазақ өнері мен мәдениетінің әлемге танылуына өлшеусіз еңбек сіңірді. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «Таңшолпан», «Келбет», «Қолтаңба», «Сіз не дейсіз?», сияқты бағдарламаларға қатысып, өзіндік пікірін ашық айтты. Сол сияқты Әшірбек Төребайұлы қоғамдағы көкейкесті мәселелерге бей-жай қарамай Ұлттық телеарнаның  «Жаңалықтар» бағдарламасында өткір де өзекті ойларын көрермендермен бөлісті.

«Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымы  марқұмның отбасына, жақын туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Хабарламаларға жазылу