Алматыдағы ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты сәтті өтті – Жасұлан Қыдырбаев (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты сәтті өтті – Жасұлан Қыдырбаев (ФОТО)

25.11.2014
Алматыдағы ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты сәтті өтті – Жасұлан Қыдырбаев (ФОТО)

Ауыр атлетикадан ерлер құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші болса, әйелдер құрамасы үшінші орынға ие болды.

«Әлем чемпионаты елімізде өткендіктен намысты қолдан бермеуге тырыстық. Алғашында бұл додаға тек қатысып, күшімді бағалап көрсем деп ойлағанмын. Бірақ, әрбір спортшы жеңісті армандап, сол үшін талпынады. Сондықтан алтын медаль иеленіп барша қазақстандықтарды қуантқаныма ризамын» - деді ауыр атлетикадан Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ Жасұлан Қыдырбаев.

Ал, тек Қазақстанның ғана емес, әлемдік ауыр атлетика тарихындағы үздік спортшылардың бірі Илья Ильин Алматыдағы біріншілікті «өмірімдегі ең керемет чемпионат» деп бағалады. «Мен 242 келілік зілтемірді халқыммен бірге көтердім. Себебі жиналған жанкүйерлер рух беріп, жігерлендірді. Мен әрқашан халқымның, Президенттің, бапкерлер және барша тілеулес жұрттың қолдауын сездім. Сондықтан жеңіске жете алдым деп ойлаймын. Енді жарақат болмаса Рио-де-Жанейро Олимпиадасында да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз» - деді төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин.

Алматыда өткен доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын шетелдік спортшылар және атап өтті, деді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар, «қазіргі таңда Қазақстанда талапты спортшыларды жаттықтыратын бапкерлер де пайда болғанын, олардың қажырлы еңбегі арқасында жас зілтеміршілердің нәтижесі көрінгенін» атап өтті ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни.

«Еліміз үшін Алматыдағы Әлем чемпионаты сәтті аяқталды. Бұл – спортшылар, бапкерлер, федерация мен басшылықтың біріге атқарған жұмысының жемісі. Енді 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында кем дегенде 3 алтын жүлде аламыз деген жоспар бар. Әрине мұндай мақсаттар әлі талқыланады және қорытындысы жылдың соңында мәлім болады. Лондон Олимпиадасындағы жетістіктен кейін ауыр атлетикаға көп жас келді. Осыған байланысты спортшылар мен бапкерлер арасында бәсекелестік пайда болып, оның нәтижесін көрудеміз. Біз оларды қолдауға тырысамыз» деді ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.

Хабарламаларға жазылу