Шара барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бригаданың жеке құрамына жауынгерлік туды табыс етті.
«ТМД мемлекеттері арасында теңдесі жоқ әскери қалашық елордамыз Астананың дәл жүрегінде орнатылды. Сіздердің жақсы жаттығуларыңыз үшін, өмір сүрулеріңізге барлық жағдай жасау үшін осындай жұмыстар атқарылды.
Ішкі істер құрамы Ұлттық гвардия дәрежесін алып атауын өзгертті. Ол да сіздерге деген мемлекеттің зор құрметі деп саналады. Сіздердің алдарыңыздағы міндет - еліміздің тыныштығын қорғау, Қазақстан азаматтарының құқығын сақтау үшін қылмысқа қарсы күресу», - деді ҚР Президенті.
Қалашықта әскери ұжымның тыныс-тіршілігі үшін барлық қажетті нысандар салынған. Штаб ғимараты, 3 жауынгерлік казарма, 2 асхана, автомобиль паркі, заманауи үлгіде жабдықталған мультимедиялық ату тирі, стадион, оқу ғимараты, 60 жатын орны және амбулаториялық ем алу үшін 100 орындық лазарет бой көтерген.
ҚазАқпарат