Басты Жаңалықтар Digital Nauryz студенттік форумы өтті

Digital Nauryz студенттік форумы өтті

Оралда «Жасанды интеллект және цифрлық болашақ» атты Digital Nauryz студенттік форумы өтті. Мемлекет басшысы биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, барлық салаға инновациялық технологияларды енгізу міндетін қойды. Ал Орал өңіріндегі жоғары оқу орындарында цифрлық экожүйені дамыту – стратегиялық басымдық ие.

Махамбет Өтемісұлы атындағы университетте құжат айналымы, студенттердің сабақ кестесі, оқытушылардың жеке жоспары түгел цифрландырылған. AI-Sana бағдарламасы бойынша қызметкерлер курстан өтіп, білім-білігін шыңдаған. Университет ғалымдары 9 AI агент, яғни көмекші құрал жасап шығарған.

Қажмұрат Ахмеденов, М.Өтемісов атындағы Батыс қазақстан университетінің проректоры:

Grant Finder деген агент бар. Ол оқытушылар мен студенттерге ғылыми гранттар туралы ақпарат береді. Talapker деген AI агентіміз бар. Ол біздің болашақ студенттерге арналған университетімізде іске асып жатқан жобалар, оқуға түсу процесі туралы толық ақпарат береді.

Студенттік форум облыстық цифрлық технологиялар басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған. Бүгінде Президент тапсырмасымен мемлекеттік қызметтердің 93 %-ы электронды түрде көрсетіледі. Халықтың цифрлық сауаттылығы да артып келеді.

Абат Ашық, облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының өкілі:

Қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 89%-ға жетіп отыр. Ал электрондық сауда айналымы 14,5%-ға жетті. Интернетпен қамтылуы Қазақстан бойынша 96%-ға жетіп отыр. Енді осындай цифрлық жағдайлардың инфрақұрылымы жасалғаннан кейін халықтың сауаттылығы да өсті. Қазір цифрлық сауаттылық 91%-дан асып отыр.

Форумға қатысушылар жаңа Конституцияда цифрлық деректерді қорғау нормасы енгізілгенін де атап өтіп, жаңа заңды қолдайтындарын жеткізді.

Бөлісу