...«Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы» (Елбасы Жолдауынан)
Қазақ радиосы мен «Шалқар» Ұлттық арнасының эфирінде ҚР Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның бірлескен жобасы – республикалық «Әскери әндер» радиофестивалі өтуде. Бұған дейін kazradio.kz сайты арқылы радиофестивальге қатысатын үміткерлерге дауыс беру жүргізілген болатын. 7 қарашада дауыс беру аяқталып, радиофестиваль қорытындысы бойынша 16 үздік ән іріктеліп алынды. Үміткерлер 26 қарашада өтетін радиофестивальдің гала-концертінде марапатталады.
Осыған орай бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, «Әскери әндер» радиофестивалінің продюсері Жазира Амантайқызы және радиофестивальдің редакторы Мәдина Махамбетқызы «Таңшолпанның» студиясына қонаққа келіп, сұхбат берді.
«Патриоттық әндер – Отан қорғау сезімімен егіз ұғым. Сарбаздың әскери сезімін оятатын осы әндер»,- дейді Мәжіліс депутаты.
Ал, радиофестиваль редакторы Мәдина Махамбетқызының айтуынша, байқауға қатысуға 200-ге жуық ән келіп түскен. Олар арнайы құрылған көркемдік кеңестің шешімімен іріктеліп, 30 ән Қазақ радиосы мен «Шалқар» Ұлттық арнасының эфирінен өткен.
Радиофестивальге қатысатын үміткерлерге қандай талаптар қойылды? Патриоттық әндерге қатысты ақын-сазгерлер нені ескеруі тиіс? Мұны сұхбаттың толық нұсқасынан біле аласыздар.