Жылдам интернет ауылда қолжетімді болады - Асқар Жұмағалиев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылдам интернет ауылда қолжетімді болады - Асқар Жұмағалиев

04.11.2014
Жылдам интернет ауылда қолжетімді болады - Асқар Жұмағалиев

«Еліміздегі мектептердің 98 пайызы интернетпен қамтылған, яғни интернетке қолжетімді. Алайда, 1 мың 559 мектепте интернет жылдамдығы 4-10 мегабитті құрайды. Дегенмен, ауылдағы мектептерде жылдамдық өте нашар», - деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев.

Ал, Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, еліміздегі e-learning жүйесіне қосылған мектептердің барлығында интернет жылдамдығы жоғары деңгейде.

«Ал қалған мектептер e-learning жүйесіне телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуына, тиісті қаражаттардың бөлінуіне орай қосылады. Бүгінгі күні «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, үлкен жобалар жасалып жатыр. Ол бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілері ауылға барады. Бұл жобаның бірінші кезеңі 55 миллиард теңгені құрайды. Жоба жүзеге аса бастады, яғни жақсы интернет пен талшықты-оптикалық байланыс желісі ауылда қолжетімді бола түседі», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, жобаның бірінші кезеңінде мыңға тарта ауыл осындай байланысқа қол жеткізсе, барлық санаттағы ауылды қамтуға 3 жыл кетпек.

«Бізде қазір тек 880 елді мекенде ғана ескі технология қолданылады, ал біз осы жобаның аясында оларды спутниктік технологияларға ауыстырып, сәйкесінше жақсы Интернет ұсынатын боламыз. Жалпы, бізде интернет пайдаланушылар саны 70 пайызға жетті, мектептердің барлығы дерлік интернетке қосылды. Бұндай дәрежеге жете алмаған елдер де бар. Сондықтан да, біз телекоммуникациялық дайындық деңгейі бойынша әлемде 38 орында тұрмыз», - деді А. Жұмағалиев.

«Ең бастысы, 2020 жылға қарай біз телекоммуникациялық дайындық рейтингі бойынша әлемнің отыз елінің қатарына кіреміз», - деді ол.

Хабарламаларға жазылу