Жылы жаңа көліктер техникалық байқаудан өтпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылы жаңа көліктер техникалық байқаудан өтпейді

20.10.2014
Жылы жаңа көліктер техникалық байқаудан өтпейді

20 қазанда «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Заң коммерциялық емес автокөліктер үшін міндетті техникалық тексеруден өткізудің жаңа тәртібін қарастырған. Енді шығарылған жылын қоса алғанда, 4 жыл болған жеңіл автомобильдер мен олардың тіркемелері міндетті техникалық байқаудан өтпейді.

«Бұдан былай, техникалық тексеруден өткізу кезінде көлік салығын төлеу туралы құжатты операторға ұсыну талап етілмейді: тек автомобильдің өзін және оның техникалық төлқұжатын ұсынсаңыз жеткілікті болады. Сонымен қатар, техникалық тексеру туралы куәліктің қағаз бланкілерін беру жойылды. Операция ойдағыдай өткен жағдайда көлік иесіне диагностикалық карта беріледі»,-делінген ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінде.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының жақындағы тапсырмасына сәйкес, міндетті техникалық тексеру шыққанына 7 жыл толмаған автомобильдер үшін тоқтатылатын болады. Жол жүрісі туралы Заңға тиісті толықтыруларды осы жылдың соңына дейін енгізу жоспарлануда.

Белгілі болғандай, жылдың басынан Қазақстанда міндетті техникалық қарап тексеруге 1,6 млн. шамасында жеңіл автомобиль ұсынылды, оның 1,4 млн-ы міндетті техникалық тексеруден сәтті өтті.

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу